Жаңа заң жобасы ел экологиясына оң әсерін тигізсе игі

АНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Есте болса, 2007 жылы Астанада өткен ҚР Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 18-жалпы отырысы Қазақстанның орнықты дамуы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған болатын.
None
None

Сол жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің келешектегі дамуы үшін талқыланып отырған мәселелердің маңыздылығы мен өзектілігін айта келе: «Қазақстан өз дамуында экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілер теңгерілімін қатаң ұстануға тиіс. Біз күллі әлемге өз халқымыздың өмірі жоғарғы стандарттарға сәйкес мемлекет болуға деген ұмтылысымызды мәлімдедік. Ол үшін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында айтылғандай, Қазақстан барынша жоғары дәрежеде «ауасы таза және суы мөлдір жасыл ел» болуы қажет», - деген еді.

Бүгін Парламентте 4 жыл бойы егжей-тегжейлі талқыланып, бірнеше мәрте жауапты органдарының сүзгісінен өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырылды. Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында төменкөміртекті жасыл экологияны құру, қоршаған ортаға эммисияны төмендетуге бағытталған инвестицияларды тарту, экологиялық проблемаларды шешу, табиғат пайдаланушылардың жауапкершіліктерін күшейту көзделгенін айрықша атап көрсеткен Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтің сөзіне қарағанда, әзірленген заң жобасы негізгі үш міндетті шешуге негізделген. Атап айтқанда, бірінші міндет аясында экологиялық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту көзделсе, екіншісінде нарықтық тетіктерді енгізу арқылы парникті газдар шығарындыларын төмендету алға қойылып отыр. Ал соңғы міндет қалдықтардың жинақталу көлемін азайтуға бағытталған. «Аталған мақсаттар үшін заң жобасы қылмыстық кодекске, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, экологиялық, салық және бюджет кодекстеріне, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы және басқа заңдарға түзетулер енгізеді», - дейді министр.

Оның атап өтуінше, ең алдымен аталған заң жобасы еліміз үшін өте маңызды экологиялық мәселе болып отырған жинақталған қалдықтар көлемінің арту проблемасын шешуге бағытталған. Бұл орайда Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және Бас прокуратурамен ынтымақтаса жұмыс істеп, жинақталған қалдықтардың барлық көлемі үшін қосымша төлем енгізу туралы ұсыныс беріп отыр. Өйткені республикамызда көп жылдардан бері жинақталған қалдықтардың көлемі азаймай, керісінше, олардың көбею үрдісі байқалуда. Қазіргі уақытта ел аумағында жалпы көлемі 22 млрд тонна қалдық жиналған. Оның 7 млрд. тоннасы - адам денсаулығына қауіпті қалдықтар. Мәселен, соңғы 3 жылдағы қалдықтардың түзілу динамикасына сәйкес, әр жылы орташа есеппен алғанда аталған қалдықтардың тек 20 пайызы ғана кәдеге жаратылады екен. Демек, жылына орташа есеппен 500 миллион тонна қалдық жиналады десек, онда оның шамамен 400 миллион тоннасы ашық аспан астында қалады деген сөз. Бұл жайт осы үрдіспен кете берсе, 2020 жылға дейін 28 млрд. тонна қалдық жинақталу қауіпі бар.

Ал жалпы осы қалдықтардың көп шоғырлануына еліміздің заңнамалық базасының жетілмеуі ықпал етіп отыр. Себебі қазіргі уақытта республика аумағындағы кәсіпорындар үшін қалдықтарды кәдеге жаратудан немесе қайта пайдалану шараларын қабылдаудан гөрі оларды орналастыруға сытырлап ақшасын санап беру тым оңай. Сонымен қатар кәсіпорындар материалдық жауапкершіліктен де ада. Яғни олар қоршаған ортаға тигізген залалдары үшін ешқандай өтемақы төлемеумен қатар, қалдықтар көлемін азайту және олардың әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдамауды да әдетке айналдырған. «Осыған орай заң жобасында қалдықтарды өңдеуді және қайта пайдалануды немесе олардың түзілуін азайтуды ынталандыратын экономикалық тетіктер қамтылды. Бұл үшін Салық кодексіне жинақталған қалдықтардың барлық көлемі үшін қосымша төлемақылар енгізу ұсынылады», - деді Н.Әшімов.

Оның атап өтуіне қарағанда, ендігі кезекте еліміздегі кәсіпорындар қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, оны министрлікте бекітуге міндетті болмақ. Ал осы аралықта, яғни аталған құжатты әзірлеу әрі орындау барысында кәсіпорындар бұған дейін көзделіп келген төлемақылардан босатылады. Бұл ережелер заң жобасымен 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Демек, қазақ жерінің мол қазынасын көсіп алып, пайдаға кенелгенмен экологиялық мәселерді қаперден шығарған кәсіпорындар үшін өз бағдарламаларын дайындауға және оны негіздеуге уақыт жетерлік. Бұл орайда ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты бюджет қарнын толтыру емес, кәсіпорындарға қалдықтарды жою туралы шешімдерді іздеуге ынталандыру екендігін атап өткен орынды. Жалпы қалдықтар бойынша мұндай саясат көптеген елдерде, оның ішінде мұхиттың ар жағындағы алпауыт ел АҚШ-та да бар. Мәселен, Америка қалдықсыз өндірісті жандандыра отырып, жиналған қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік беруде. Осындай тетіктерді енгізу арқылы Қазақстан да 2020 жылға қарай жинақталған қалдықтардың көлемін едәуір азайтады деп болжауға болатын сияқты.

Заң жобасында баса назар аударылған келесі міндет - климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстанның мойнына алған міндеттеріне сәйкес парникті газдардың шығарындылары мен сіңірулері саласында мемлекеттік реттеуді күшейту. «Ол үшін парникті газдар шығарындыларына квота бөлу тетіктері енгізілуде. 2011 жылдан бастап жылына 20 мың тоннадан артық парникті газдар шығарындылары бар табиғат пайдаланушылар квота алуы тиіс. Олар - мұнай-газ, энергетикалық, тау-кен металлургия және химия салаларының ірі кәсіпорындары. Қазіргі уақытта бұл секторлардың шығарындылары 214 миллион тоннаны немесе бүкіл көлемнің 90 пайызын құрайды. Парникті газдар шығарындыларына квоталар Үкіметпен бекітілген ұлттық жоспардың негізінде таратылатын болады», - деді министр.

Оның пайымынша, бұл кәсіпорындардың парникті газдарды төмендету бойынша жобаларды іске асыруына, сондай-ақ өзара квоталарды сатуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаңа заңға сәйкес, 20 мың тоннаға дейін парникті газдардың шығарындылары бар табиғат пайдаланушылар квоталарды сата алмайды. Бірақ оларға өздерінің кәсіпорындарында экологиялық мәселерді шешу бойынша инвестицияларды тартуға құқық беріледі. Яғни, кәсіпорындарға Киота тетіктеріне ұқсас шығарындыларды төмендетудің ішкі ұлттық жүйесі ұсынылады. Парникті газдар шығарындыларын қысқарту бойынша барлық жобалар халықаралық стандартқа сәйкес сараптамадан өтеді. Бұл үшін арнайы волидация және верификация рәсімдері қарастырылуда. Жобаның іске асырылуынан үнемделген квота, сіңірілу бірліктер арнайы ұйымдастырылған сауда алаңдарында, биржаларда жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Еуразиялық» тауар биржасымен осындай алаңдар құру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарды орындау жауапкершілігін күшейту мақсатында қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіледі. Өйткені қолданыстағы қылмыстық нормалардың бүгінгі күні тиімсіз және жаңа экологиялық қауіптерге сәйкес келмейтіндігі дәлелденген. Ал экологиялық қылмыстарға арналған 18 баптың 3-4 бабы ғана нақты қолданылады. Мәселен, соңғы 5 жылда экологиялық заңнаманың бірнеше мәрте өрескел бұзылуына қарамастан айыптылардың бірде-бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Яғни заңнаманың дәл осы солқылдақ тұсы қылмыскердің жазаға тартылмауына мүмкіндік беріп отыр. Бұл жағдайларды түзету үшін жаңа заң жобасына экологиялық қылмыстардың өлшемдері енгілуде. Залалдың өлшемі қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру жөніндегі қолданыстағы тәжірибе бойынша айқындалғанын баса айтқан министрдің сөзіне қарағанда, осы түзетулер экологиялық кодексті және заң жобасының нормаларын мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етпек.

Соңғы жаңалықтар