Жаңа заң жобасы қаржы пирамидасын ұйымдастырып, басқарған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді - Мәжіліс

Бұл туралы бүгін Қаржы полициясы агенттігінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Заң шығару және сот-құқықтық реформасы комитетінің ҚР «Қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Заң жобасын талқылау бойынша көшпелі отырысында Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов айтты.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасының тұжырымдамасы бойынша Қылмыстық кодекстің 177 бабына Қазақстан территориясында қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салатын тармақ енгізіледі.
Ол тармақ бойынша қаржылық инвестициялық пирамидаларды ұйымдастыру және басқару әрекеті қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
«Бұл ретте қылмыс субъектілері ретінде қаржы пирамидаларын құрып, басқарған адамдар саналады. Олар жасаған қылмыстары үшін 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан шектелу, я болмаса мүлкі тәркілене отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырылу сияқты жазаға тартылуы мүмкін. Ал аса үлкен мөлшерде немесе қызметтік құзыретін пайдалана отырып, осы іспеттес қылмыс жасағандар мүлкі тәркілене отырып, 3-12 жылға дейін сотталуы мүмкін», - деді А. Қожахметов.
Сондай-ақ, талқылау барысында бірқатар депутаттар қаржы пирамидаларының басшыларына ғана емес, соған қатысушы адамдарға да әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолдануды ұсынды. Олардың пікірінше, өз пайдасы үшін басқа адамды қаржы пирамидасына саналы түрде тартып, кіргізген адам да жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап беруі қажет.