Жаңа заңды қабылдаудың мақсаты - кәсіподақтардың рөлін күшейту

«Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциядағы жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» бағдарламалық мақаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында 1993 жылы қабылданған қолданыстағы «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасасу мен орындау тетіктері туралы түсініктің жоқ екенін атап өтті, соның салдарынан Қазақстандағы кәсіподақ институттары еңбек дауларының алдын алу және шешудің тиімді құралдарының рөлін әр кездері бірдей атқара алмай келе жатқандығын және қазір кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға бару қажеттілігін атап көрсетті.
Үстіміздегі жылы 2 қыркүйек күні бесінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын салтанатты ашқан кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлеуметтік жаңғыру еңбек қатынастары мәдениетін арттыруды талап етеді. Сондықтан қазақстандық кәсіподақ қозғалысын жаңғырту қарқындырақ жүруі тиіс. Үшінші сессия жұмысы барысында «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң қабылдау қажет» деген болатын.
Кәсіподақ қызметіне талдаудың нәтижесінде олардың қызметінде бірқатар кемшіліктердің бары анықталды. Атап айтқанда, бұл - кәсіподақ қызметінде бірыңғай саясаттың, республикалық бірлестіктің салалық, өңірлік және жергілікті кәсіптік одақтармен жүйелі жұмысының, кәсіподақтардың және оның мүшелерінің қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігі, кәсіподақтардың жарғысына бірыңғай талаптардың және заң жүзінде белгіленген құқықтар мен міндеттердің жоқтығы.
Осыған орай, Қазақстан жұртшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазіргі кездегі құқықтық ахуал кәсiптiк одақтар туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Заң жобасы қызметкерлердің мүдделерін білдіру және қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алуға бағытталған.
Заң жобасының негізгі міндеті кәсіподақтардың қызметін әлеуметтік әріптестіктің әрбір: республикалық, салалық, өңірлік және кәсіпорын деңгейінде қауымдастық негізінде қалыптастыру болып табылады. Негізінен, кәсіподақтардың рөлін күшейту, олардың қызметінің тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестіктің дамуына тиімді ықпал етеді.
Үкіметтің заң жобасына берген берген түсіндірмесінде заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық кері салдардың туындауына әкеп соқтырмайтыны атап өтілген және ол республикалық және жергілікті бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.
Заң жобасы жұмыс берушілер мен қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің (Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстандағы Еңбек конфедерациясы, Қазақстанның ерікті кәсіподақтар конфедерациясы, «Атамекен одағы» ҚҰЭП және басқалар) қатысуымен әзірленді.
Заң жобасында жарғылық мақсаттарға қол жеткiзуге қызмет ететіндіктен, кәсiподақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы болатыны қарастырылуда.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны көзделген.
Осы Заң жобасы қабылданып, қолданысқа енгізілген күннен бастап кәсіподақтар бір жыл ішінде өздерінің ұйымдық құрылымдарына және құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті екені жазылған.
Осы заң жобасы азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық құқығын іске асыруына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастырды реттеуге бағытталған.
Заң жобасы жеті тараудан, 35 баптан тұрады.