Жаңа заңға сәйкес білім алуға қолжетімділік артады - А.Мыңбаева, БҚО

ОРАЛ. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы - Елбасының 2012 жылдың 28 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауы мен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық құжатын жүзеге асыру бағытындағы нақты жұмыстардың бірі. Осыған орай облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Мыңбаева өз ой-толғамын былайша жеткізді.
None
None

Оның айтуынша, Елбасымыз Қазақстан Респуб­ли­касындағы білім беруді да­мытудың 2011-2020 жылдар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту кезінде «Өмiр бойы бiлiм алу» әр­бiр қазақстандықтың жеке ұстанымына айналуы тиiс. Ал ол үшін мектепке дейінгіден ғылым дәрежесіне дейінгі білім алудың әр деңгейі халыққа қолжетімді болу қажеттігін айрықша атап көрсеткен болатын.

Білімнің қолжетімділігі - оның жалпы сапасының бір көрсеткіші. Осыған орай елдегі білім берудің сапасын көтеру үшін оның қолжетімділігін арттыратын қосымша тетіктер қажет. Жыл сайын мемлекет білім беру гранттарын көбейтіп, білім беру несиелерінің көлемін арттыру үшін жағдайлар жасауда.

Сондай шараның бірі - «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» жаңа заңның қабылдануы. Бұл заң білім алуға қаражат жинау үшін жағдай жасайды, сонымен бірге мұндай салымдарға мемлекет сыйлықақылар бөліп, оларды қолдап отырады. Нақтырақ айтқанда, жаңа жинақтау жүйесі салым жасап, қаражат жинау арқылы болашақта оқу ақысын төлеуге қосымша жағдай жасайды және мемлекеттік гранттар мен білім беру несиелерімен қатар жұмыс істейтін болады. Жастар ҰБТ-ны жоғары деңгейде тапсырып, әрқашан тегін білім алуға үміткер бола алады. Ал талапкер ҰБТ-дан көрсеткіші жеткіліксіз болып, білім беру грантын иеленбеген жағдайда бұл жаңа заң ата-анаға өз баласын оқытуға мүмкіндік береді. Есепшотқа жеткілікті қаражат жинақтай отырып, қалаған жоғарғы оқу орнына, таңдаған мамандығына бара алады және қоғамда жоғары сұранысқа ие кәсіп иесі болады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі екінші деңгейдегі банктер арқы­лы қызмет етеді. Салымшы өзінің қа­жеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес келетін банкті таңдай алады, яғни банк таңдауда салымшыға толық ерік беріледі. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы жас ерекшелігіне қарамастан, салымшы болуға құқылы. Ол банкпен мемлекеттік білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасасып, шот ашады. Шарт баланың атына жасалады, бірақ ол салымдағы қаражатты жұмсауға қабі­летті болғанша оның мүддесіне баланың ата-анасы не өзге заңды өкілдері өкілдік етеді. Салым туралы шарт жасағанда 3 АЕК көлемінде ең аз салым жасау қа­жет (АЕК - 2013 жылдың 1 қаңтарынан 1731 теңге). Сонда алғашқы салым 5193 теңге болады. Одан әрі салымшы келісім шартта көрсетілген мерзімге сай шотқа қаржы салып отырады. Мемлекет салымның сақталуына кепілдік береді және сый­­-
ақымен қолдап отырады. Мемлекет­­тік сыйлықақының мөлшері - 5%, ба­сым санатқа жататындарға - 7%. Мұндай басым санатқа жетім балалар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардағы балалар, мүгедектер сияқты әлеуметтік көмекті көбірек қажет ететін азаматтар жатады. Бұл қор тек қана білім алуға жұмсалуы мүмкін. Ата-ана немесе студент бұл қаржыны тек қана оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Егер жиналған қаражат оқудың ақысын төлеуге жеткіліксіз болған жағдайда салымшы екінші деңгейдегі банктен мемлекеттің жүз ­пайыздық кепілдігімен жетпей тұрған сомаға білім беру несиесін ресімдей алады. Бұл жерде әрбір ата-ана отбасылық жоспарлаудың басым бөліктерінің бірі ретінде балаларының білім алуына салым жасаудың маңыздылығын және олардың да өз баласын жоғары біліммен қамтамасыз етуге мемлекетпен бірдей жауапты екенін, сондай-ақ мемлекеттің осы үшін жасап отырған мүмкіндіктерін пайдаланудың артықшылықтарын ұғын­ғандары жөн.

«Мемлекеттік білім беру жинақтау
жүй­е­сі туралы» Заңның білім алудың қол­жетімділігін арттыруда, азаматта­­ры­ның білімділік деңгейін көтеріп, білім алуын жеңілдетуде маңызы зор», деп түйіндеді ойын А.Мыңбаева.

Соңғы жаңалықтар