Жаңа заңнамалық нормаларда балаларды ата-аналарынан тартып алу мәселесі қарастырылмаған - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа заңнамалық нормаларда балаларды ата-аналарынан тартып алу мәселесі қарастырылмаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңы қаралып, мақұлданды.
Талқылау кезінде сенатор Әсем Рахметова қазір аталған заңға қатысты әлеуметтік желілерде түрлі қауесет тарап жатқанын айтты.
«Аталған құжат аясында балаларды отбасынан тартып алу бағытында өкілетті органның құзыреті шектен тыс күшейтіліп жатыр деген бірқатар азаматтың уәжі шындыққа жанаса ма?», - деп сұрады Ә. Рахметова.
Бұл сұраққа қатысты заңға бастамашылық жасағандар атынан Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова түсінік берді.
«Бүгін талқылауға ұсынылған заңдар Мәжілістің депутаттарының бастамасымен әзірленді. Бұл сұрақтағы пайымдар шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Балаларды ата-аналардан тартып алуға қатысты тоқталсақ, ең басынан ондай нормалар қарастырылмады және талқылау кезінде тіптен айтылмады. Мұны тағы баса атап өткім келеді. Қазір әлеуметтік желілерде қоғамдастық, оның ішінде халықаралық болсын, қазақстандық сарапшылар қоғамдастығы бұл заңды көптен күтіп отырғанын атап өтті. Дегенмен, деструктивті кейбір пайымдар арқылы жалған ақпарат таратып отыр. Сондықтан айтылған сұрақтың бәрі жалған, шындыққа мүлдем жанаспайды. Фейк ақпарат екенін атап өткім келеді», - деді Ж. Сүлейменова.
Оның айтуынша, заңдар қоғамның ең осал санаты саналатын әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған.
«Бұл заң қоғам көптен күткен барлық сұранысына сай, халықтың игілігіне қызмет ететін заң болады. Ешқандай халықаралық ұйымдардың нұсқаулығымен жасалған жоқ. Соны атап өткім келеді. Біздің балаларымызға, ата-аналарымызға қайшы келетін бірде-бір норма жоқ екенін атап өткіміз келеді. Сенатта 1 айдан аса уақыт талқыланды», - деді Мәжіліс депутаты.