Жаңа Зеландия шетелдік студенттер санын екі есе арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Зеландия үкіметі 2034 жылға қарай халықаралық білім беру нарығын екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Елдің білім беру министрі Эрика Стэнфордтың айтуынша, 2023 жылдан бастап шетелдік студенттер саны тұрақты түрде өсіп келеді, сондықтан үкімет бұл өсімді одан әрі жеделдетіп, 2034 жылға қарай 4,32 миллиард доллар көлемінде пайда алғысы келеді.
Бұл мәлімдеме шетелдік студенттер үшін танымал бағыттар — Аустралия мен АҚШ өздеріндегі шетелдік студенттер санын қысқартуға ниет білдірген тұста айтылды. Ал басқа елдердің университеттері бұл шектеулерді өз пайдасына пайдалануға тырысып жатыр.
— Қысқа мерзім ішінде Жаңа Зеландияның Білім министрлігі өз насихат жұмыстарын ең үлкен өсім әлеуеті бар нарықтарға бағыттайды, — деді Стэнфорд.
Қазіргі уақытта Жаңа Зеландияның халықаралық білім беру нарығы экономикаға жыл сайын 2,15 миллиард доллар табыс әкеліп отыр. Үкімет 2024 жылы 83 700 болған шетелдік студенттер санын 2027 жылы 105 мыңға, ал 2034 жылы 119 мыңға жеткізуді көздейді. Осылайша, бұл саланың экономикаға қосатын үлесін екі еселеу жоспарланып отыр.
Шетелдік студенттерді тарту үшін Жаңа Зеландия үкіметі:
-
рұқсат етілген шетелдік студенттер үшін жартылай жұмыс істеу сағаттарын арттыруды,
-
сондай-ақ бекітілген алмасу немесе шетелде оқу бағдарламаларына қатысатын ЖОО студенттерінің барлығына жұмыс істеу құқығын беруді көздеп отыр.
Экономикалық өсімі баяулаған Жаңа Зеландия үшін бұл қадам — цифрлық көшпенділерді (digital nomads) тартуға және шетелдік инвестицияларды арттыруға бағытталған бірқатар реформадан кейінгі экономиканы қалпына келтіру шараларының бірі болып отыр.
Еске салсақ, 23 мамыр күні Трамп әкімшілігі Гарвардты шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды.
Осыдан кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвард университетінде білім алып жатқан отандастарымыздың жағдайына байланысты пікір білдірді.