Жаңа Зеландия тұрғыны құны 19 мың доллар Фаберже жұмыртқасын жұтып қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Зеландия полициясы зергерлік дүкеннің тұтынушысын 33 мың жаңазеландиялық доллар (шамамен 19 мың АҚШ доллары) тұратын Фаберже алқасын ұрламақ болғаны үшін тұтқындады, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
Дүкен қызметкерлері есімі жарияланбаған 32 жастағы ер адамның Оклендтегі дүкенде жұмыртқа пішінді кулонды жұтып қойғанын көрді.
Тұтқындағаннан кейін ол медициналық тексеруден өтті. Полиция енді алқаның табиғи жолмен шығуын күтіп жатыр. Қазіргі кезде ол тәркіленген жоқ.
Полицияның айтуынша, енді барлығы уақытқа және күдіктінің ас қорыту жүйесіне байланысты.
Шектеулі сериядағы «Сегізаяқ» деп аталатын кулон Фаберже жұмыртқасы пішінінде жасалған және ол 1983 жылғы Джеймс Бонд фильмінен идея алған. Сюжетте жалған Фаберже жұмыртқасын қолданып зергерлік бұйымдарды контрабандалық жолмен тасымалдау операциясы маңызды рөл атқарады.
Дүкен сайтындағы сипаттамаға сәйкес, ұрланған жұмыртқаның биіктігі 8,4 см, ол алтыннан жасалған, жасыл эмальмен қапталған және 183 гауһар тас пен екі жақұтпен безендірілген. Барлығы 50 дана жасалған.
— Жұмыртқа ашылады, ішінде ақ гауһар сорғыштары мен қара гауһар көздері бар 18 караттық сары алтыннан жасалған сегізаяқ жасырынған, — делінген сипаттамада.
Алқаны жұтып қойған ер адам 8 желтоқсанда сот алдында жауап беруі тиіс.
Бұдан бұрын Париждегі Луврге ұры түсіп, Наполеонның әшекейлері қолды болғанын жазған едік. Кейіннен ұрланған әшекейлер сақтандырылмаған болып шықты.