Жаңа Зеландияда 24 кашалот жағаға шығып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Зеландияның солтүстігінде 24 кашалот жағаға шығып қалған. Олардың 19-ы өлді, тағы бесеуінің жағдайы ауыр, деп жазады Синьхуа.
Оқиға 19 қарашада елдің солтүстігіндегі Ninety Mile Beach жағажайында болған. Оқиға орнына Жаңа Зеландияның Табиғатты қорғау департаментінің қызметкерлері мен жергілікті маори қауымдастығының өкілдері жеткен.
Қазір мамандар тірі қалған 5 кашалотты құтқаруға күш салып жатыр. Операцияға теңіз сүтқоректілерін зерттейтін сарапшылар да тартылған. Олар жануарлардың жағдайын бағалап, әрі қарай қандай шара қолдану керегін анықтап жатыр.
Айта кетейік, соңғы бір жарым айда осы жағалауда кит тұқымдас жануарлардың жаппай жағаға шығып қалуы екінші рет тіркеліп отыр.
Бұған дейін Хукатере маңында сирек кездесетін ергежейлі косаткалардың 15-ке жуығы жағаға шығып қалған еді. Сол кезде де құтқарушылар жаппай қырылудың алдын ала алмады. Жануарлардың басым бөлігі өліп қалған болатын.
Бұл жолғы оқиғаның себебі әзірге белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау жағалауынан 173 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылды. Сондай-ақ Атырауда апатты мұнай ұңғымасы маңынан құстардың өлексесі табылды.