Жаңа Жібек жолы - интеграциялық үдерістер алаңы

АСТАНА - СИАНЬ - АСТАНА. ҚазАқпарат - Ежелгі Жібек жолын қайта жандандыру идеясы еуроазиялық кеңістіктегі жаңа интеграциялық үдерістер тұжырымдамасы ретінде ұсынылған болатын. Бұл жоспар Ұлы Жібек жолы бойымен сауда дәліздерін салуға бағатталған. Оны жүзеге асыру Еуразияның геоэкономикалық картасын қайтадан қарауға алып келеді.
Жаңа Жібек жолы
Коллаж Kazinform

«Ежелгі Жібек жолын қайта жандандыру экономикалық, әлеуметтік дамуға, саяси тұрақтылыққа негіз болып, ақыр аяғында осы жолдың бойында орналасқан елдердің қарыштап дамуына, бейбіт өмір сүруіне алып келеді», - деген еді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Азия даму банкі басқару кеңесінің отырысында.

Бұл идеяның қолдаушысы ретінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де өз пікірін білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Қытай көшбасшысы 2013 жылы қыркүйекте Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында «Назарбаев Университетінде» сөз сөйлеген болатын. Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолы бойымен экономикалық дәлізді бірігіп салуды ұсынған еді.

Тұжырымдама біртіндеп пішін қалыптастыра бастады. Қытай мен Қазақстан бірге алғашқы қадамдарын жасай бастады.

ҚазАқпарат тілшісі қызмет бабымен Солтүстік-батыс Қытайда болып қайтты. Іссапар Шэнси провинциясындағы Сиань қаласында болды. Өзара қарым-қатынастың үлгісі қалай жасалуда, Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін салуда қандай қимыл-әрекеттер жасалуда, осы және басқа да мәселелер бойынша көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Бұл туралы Сианьнің мемлекеттік құрылым басшылары мен кәсіпкерлері өз ойларымен бөлісті.

Ежелгі - жаңа аттандыру бекеті

Сиань қаласы (ежелгі атауы Чанъань) - Шэнси провинциясының әкімшілік орталығы - Солтүстік-Батыс Қытайдағы ең үлкен қала. Ол тарихта Еуропа мен Азияның түрлі елдеріне қытай жібегі, фарфоры мен басқа да тауарларын жеткізетін Жібек жолының ең бастапқы бекеті болды.

Сиань "Жібек жолы экономикалық белдеуінің жаңа бастапқы бекеті" атты қала құрылысының жобасын бастады. Бұл инфрақұрылым құрылысын жандандыру мен екіжақты тиімді сауда-саттықты дамытудың "жол картасы" іспетті жоба.

Әзірше үлкен экономикалық әріптестік әлеуеті туралы нақты сеніммен айтуға болады.

Шэньси провинциясы сауда-саттық департаментінің мәліметтері бойынша, 2013 жылы аймақтың Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 110 млн. АҚШ долларын құрап, 2000 жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан.

- Шэньси провинциясы соңғы кезде Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға көп назар аударып келеді. 2013 жылы сіздердің елдеріңізбен арадағы тауар айналымы 31,5 млн. АҚШ долларын құрап, 13,5%-ға өсті. Біздің сауда-саттық байланыстарымыз дамып келеді, - деп атап өтті Шэн ь си үкіметінің сауда-саттық департаменті басшысы Яо Чаоинь.

- Дегенмен тауар айналымы құрылымында Қазақстан импорты мүлде жоқ. Сіздің ойыңызша, мұның сыры неде және бұл мәселені қалай шешу керек?

- Шынымен, Шэньси провинциясы негізінен экспортпен айналысады. Иипорт аз, өткен жылы 210 мың АҚШ долларын құрады. Біз сондықтан да барлық мүмкіндікті толығымен пайдалану керек дегенді жиі айтамыз. Бұл жерде кәсіпкерлер бір-бірінен нені қалайды дегенді жақсы түсініп алу қажет, бір сөзбен айтқанда нарықты зерттеу керек. Бұл ретте жаңа Жібек жолы дәлізін құру өте маңызды қадам болып саналады.

Оның айьуынша, Қазақстан Сианьге мақта жеткізе бастапты.

Өткен жылы Шэньси провинциясының үкіметі Қазақстанда өз өкілдігін ашқан болатын. Чаоинь мырзаның айтуынша, биыл Алматыда Сиань кәсіпорындарының сауда көрмесін өткізу жоспарлануда.

Департамент басшысының атап өтуінше, тоқыма өнеркәсібінде, мәдениет пен туризм саласында ортақ жобаларды іске асыру мүмкіншіліктері бар. Ал Семей қаласында автомобиль жасау саласында бір жоба іске асырылады. Биыл онда шамамен 1500 жүк көлігін шығару көзделген.

Сонымен қатар, қытайлар Қазақстанмен энергетика және минералды ресурстар саласындағы қарым-қатынастарды да жолға қоюды көздеп отыр.

Түйе тізген керуеннің орнына заманауи транспорттық инфрақұрылым

Транспорт пен логистика Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі құрамдас бөлігі болмақ. Егер ерте кезде тауарды ұзыннан-ұзақ созылған түйелер керуені тасыған болса, қазір инфрақұрылым заманауи - авиажелі, темір жол, автожол және мұнайгаз құбырлары.

Сианьде өте ірі континенталды транзиттік порт бар. Оның құрамына контейнерлік темір жол терминалы, автомобиль тасымалдау орталығы енеді. Былтырдан бастап мұнда Қытайдың солтүстік-батысындағы тұңғыш кешенді салықсыз аймақ іске қосылды. Оның ауданы 6 шаршы шақырымнан асып кетеді. Онда сауда-саттық логистикасының барлық құрамдас бөліктері қарастырылған және аймақ аумағында жеңілдік саясаты енгізілген. Бұл ашықтық пен сауда-саттық қарым-қатынасты дамытуға оң ықпал етеді.

Қазірдің өзінде Шэньси провинциясының үкіметі Қытай басшылығына Жібек жолы бойындағы елдерде таралатын еркін сауда аймағын салу туралы өтініш жасап қойған.

Сонымен қатар, былтыр Сиань халықаралық порты Қазақстанға "Чанъань" жүк пойызын жіберді. Қазақстан тарапынан аталған пойыздың мамыр айынан бастап айына екі рет қатынауы туралы келісімге қол жеткізілді. Сыртқы сауда компаниялары осы маршрут бойынша жүк тасымалдауға аса қызығушылық танытып отыр.

Бұл жүк пойызы 26 тауар түрін тасымалдайды: мұнай өндіру құрылғылары, жүк көліктерінің қосалқы бөлшектері, құрылыс материалдары, велосипедтер, фарфор және шыны бұйымдар, т.б. тауарлар Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдеріне жеткізіледі.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президенті Асқар Маминның айтуынша, логистика бизнесін дамытудан Қазақстан өзінің ЖІӨ кем дегенде 1 пайызға өсіре алады. Жаңа Жібек жолын құру Еуропадан Қытайға және кері бағытта тауар тасудың тиімділігі мен сапасын арттыруға сөзсіз зор үлесін қосатынына ол сенімді. Меморандумға байланысты "ҚТЖ" жоғарыда аталған пойыздың қайтар жолында тауар толтырып кетуін реттеуді өз мойнына алады. Транспорттық мәселелерді жедел түрде шешіп отыру мақсатында Сианьда компанияның өкілдігі ретінде «ҚТЖ Express China» ашылады.

Сианьда Қазақстан көшелерімен жүріп өту

Жақын болашақта Сианьға келіп, Қазақстан көшелерімен серуендеуге мүмкіндік туады дейді екі бірдей сұхбаттасушы.

Сиань-Сяньян жаңа ауданы атаулары бірдей екі қаланың ортасынан орын тепкен. Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі тұжырымдамасында бұл ауданға үлкен мән берілген. Стратегиялық жоспар бойынша өте үлкен аумақтарда құрылыс жұмыстары жүреді. Жоспарланып отырған инвестиция көлемі 200 млрд. юаньнан асып түседі.

- Біздің ауданымыздың дәрежесі мен даму әлеуеті географиялық артықшылығын қоса есептегенде, Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Мәселен, біздің ауданда осыдан 2000 жыл бұрын керуен өткен көпірлердің қалдықтары әлі күнге дейін сақталып қалған. Ал енді біз тауарларды реттейтін орынға айналмақпыз. Салынатын ғимараттардың негізгілері қаржылық, сауда-саттық мекемелері, энергетика кәсіпорындары болмақ, - деп атап өтті Сиань-Сяньян жаңа ауданы төрағасының тұрақты орынбасары Ван Цзюнь.

Оның атап өтуінше, аудан архитектурасы ежелгі дәуір мен қазіргі заман элементтерін қатар тоғыстырған орын болады. Бұл жобаны дайындау үшін Сингапурдан маман шақырылған.

Жобаның басты мақсаты сауда-саттық қатынасты нығайту болмақ. Соған қоса Орталық Азия елдерінің кәсіпорындарына бірқатар жеңілдіктер де беріледі.

- Біз Ұлы Жібек жолы көшесін салуды жоспарлаудамыз, онда түрлі елдердің мәдениеті көрсетілетін болады. Бұл көшеден Қазақстан да өз орнын алады деп үміттенеміз. Біз бұл үшін арзан бағамен жер телімін беруге де дайынбыз. Біз қазақстандық кәсіпкерлердің осында келіп, тұрақтап қалғанын қалаймыз, - дейді Ван Цзюнь.

Дейтұрғанмен Қытай бизнесі Ұлы Жібек жолын жандандыру деген стратегиялық идеядан шет қалған жоқ. Мұны әлеуметтік жауапкершілік деп айтуға да болады.

- Экономикалық дәліз - өте маңызды өміршең жоба. Тек риясыз қарым-қатынас қана әріптестік әлеуетін қалыптастыра алмақ, - дейді Сиань инвестициялық корпорациясының Датан Сиши мәдени индустрия басқармасының басшысы Люй Цзяньчжун.

Оның айтуынша, рухани байланыс кез келген істің басында жүруі тиіс. Корпорация басшысы осы ретте қытайдың бір даналығын еске алды. Онда қандай да бір істі бастар алдында өзіңді дамыту қажет екендігі айтылады.

Сиань қаласының Батыс базарында корпорация "Жібек көшесін" салыпты. Сауда кешені Тан әулеті дәуіріндегі ежелгі қалашықтың орнына салынған. Қазір мұнда сегіз елдің павильондары орналасқан, онда сол елдердің тауарын сатып алып қана қоймай, ас мәзірімен танысуға да болады. Сондай-ақ мұнда әр елдің мәдени апталықтары болып тұрады. Онда түрлі көрмелер мен көркемөнерпаздар концерті қойылады.

- Бұл жобаға Жібек жолы бойында орналасқан 22 ел қатыстырылады деп жоспарланған. Әрине, Қазақстан солардың жуан ортасында. Сіздердің павильондарыңыздың құрылысы басталып та кеткен. Бір жарым-екі жылдан кейін Сианьға келсеңіз, туған топырағыңыздың "иісін" сезінетін боласыз, - дейді Люй Цзяньчжун.

Корпорация Ұлы Жібек жолының тұңғыш жекеменшік мұражайын салған. Онда көптеген тарихи жәдігерлер жинақталып, көне тарих көз алдымызға келтіріледі.

Бұл мұражайдың бауырластары да қазір түрлі елдерде өмірге келіп жатыр. Сондықтан Қазақстанмен де мәдени мұра төңірегінде байланыс орнату жоспарланған.

23-26 мамырда Сианьда Ұлы Жібек жолының ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Оған Қазақстан да қатысады деп күтілуде. ұйымдастырушылар болашақта көрмені дәстүрлі түрде өткізіп тұруды көздеп отыр.

Әрине, геосаяси әріптестіктің бет-бейнесі іспеттес Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бір күннің шаруасы емес. Алайда интеграциялық үдерістердің іргетасы берік қалануда.

***

"ҚазАқпарат" ХАА баспасөз турын ұйымдастыруда көрсеткен көмектері үшін «Вэнхуэйбао» басылымы мен Шэньси провинциясының үкіметіне алғысын білдіреді.

Соңғы жаңалықтар