Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасында өзгеріс бола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа жыл алдында азық-түлік бағасы қалай құбылатыны туралы пікір білдірді.

Әлеуметтік маңызы бар 5 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді
Фото: Saudagovkz

— Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр жаңа жыл қарсаңындағы кезеңді айтарлықтай қалыпты өткердік. Биыл да солай болады деп үміттенеміз. Жаңа жылға қарай бағаның ажиотажы болады деп ойламаймын. Жаңа жыл жақындаған кезде стандартты, белгілі бір қымбаттау болатын шығар. Бірақ жаппай өсу болмайды, — деді ол Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, вице-премьер қазіргі инфляцияның себебіне қандай факторлар әсер етіп жатқанын айта келіп, Үкімет пен Ұлттық банк қабылдайтын 3 жылдық бағдарлама сол себептерді жоюға арналғанын еске салды.

— Қазіргі инфляцияның себептерін бұған дейін талай айттым. 2026, 2027 жылдары ахуалды түзете аламыз деп ойлаймын, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кету керек, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды. 

Бұдан бұрын Жұманғарин ішкі нарықты қамтуда мәселе туындаса, картоп экспортына тыйым салынатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар