Жаңа жылда пиротехникадан қанша адам зардап шекті

Жаңа жылда пиротехникадан қанша адам зардап шекті
Фото: Pixabay

Жаңа жыл түні елімізде пиротехинка бұйымдарынан 16 адам зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

«1 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысында 15 жастағы жігітке медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер шақыртылды. Ол көшеде петарда тауып алған және қолында жарылып, сол алақаны 10 см көлемінде ашық жарақат алған. Үш саусағында тырнақ пластинкасы жоқ, төртінші саусағының ұшы жоқ, бетін термиялық күйік шалған. Ол Өскемен қаласының Ана мен бала орталығына жатқызылды», - деп жазылған министрліктің ресми жауабында.

Жамбыл облысында дәрігерлер 2 шақыруға барған. Ондағы екі адамның да қолында петарда жарылған және екеуі де ауруханаға жатқызылды.

Түркістан облысында 1 қаңтар күні 26 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсетілді, ол отшашу жағамын деп, білегін жеңіл жарақаттаған.

Алматы қаласы бойынша 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күндері 12 адам пиротехникадан зардап шеккен, оның ішінде 4 бала бар. 9 адам, оның ішінде 3 бала ауруханаға жатқызылған.

Қалған өңірлерде пиротехникадан (отшашудан) зардап шеккен тұрғындардан шақырту түспеген.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылдың 30 желтоқсаны мен 2024 жылдың 2 қаңтары аралығында жол-көлік оқиғасынан қанша адам зардап шеккенін жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар