Жаңа жобалар Қостанай облысында металлургия, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
14 облыстың және Алматы қаласының тікелей қосылуымен өткен «Жаңа индустрияландыру - барлығы үшін жаңа мүмкіндік» жалпыұлттық телекөпірі барысында бүгін оның таныстырылымы болды.
Бірінші жоба - құны 5,4 млрд. теңге болатын «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ металл прокат зауытының құрылысы. Өндірістің қуаттылығы - жылына 50 мың тонна металл прокаты. Кәсіпорынды іске қосу 650 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Екінші жоба - құны 8,2 млрд. теңге болатын «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ жылу электр стансысын кеңейту. Қуаттылығы 63 МВт қосымша блок орната отырып жылу электр стансысының қуаттылығын 267 МВт дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Үшіншісі - сүт өңдеу зауыты құрылысы. Құны - 1,3 млрд. теңге. Қуаттылығы - тәулігіне 150 тонна. Жұмыс орнының саны - 60. 2010 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Төртіншісі - рапс майын өндіру зауыты. Жобаның құны - 1,6 млрд. теңге. Қуаттылығы - жылына 36 мың тонна. Зауыт 2008 жылы іске қосылған, 58 жұмыс орны құрылды.