Жаңа жыл қарсаңында жаңа емхана пайдалануға берілді - Қызылорда облысы (ФОТО)

Жалағаштықтар үшін бүгін айтулы күн. Өйткені, аудан тұрғындары емхана құрылысының аяқталып, пайдалануға берілуін асыға күтті.
Жаңа емхана заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Жүрек ауруы науқастарына Холтер мониторы, Жүрек ауруларын ерте диагностикалауға Тредмил тест жабдығы, өкпе спирограф жабдығы, жалпы шолу рентген диагностикасы, физиотерапияның барлық түрлері, емдік-дене шынықтыру бөлмесі жұмыс жасайды. - Ауданда емхана мәселесі шешілді. Барлық құрал-жабдықтар заманауи талапқа сай. Енді дәрігерлер сапалы қызмет көрсету қажет. Тек дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де емдеңіздер, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Өткен жылдары Шиелі, Сырдария, Қармақшы аудандарында жаңа аудандық емханалар пайдалануға берілді. Келер жылы осы емханалар салалық бағытта жұмыс жасап, Жаңақорған, Қазалы аудандарында офтальмологиялық орталық ашпақ. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға баса назар аударып отыр. Нәтижесінде, Алматы мен Астананың жоғарғы клиникаларында жасалатын жоғарғы мамандандырылған медициналық көмек Қызылордада жасалмақ. Мысалы, білікті мамандардың көмегімен, биылғы жылдың өзінде 445 науқасқа нейрохиругиялық, кардиохирургиялық және жүрек қан тамырлары, травматологиялық, урологиялық және 25 балалар хирургиясына ота жасалды. Сондай-ақ, Қызылордада елімізде 4-ші болып бүйрек ауыстыру отасы жасалғанын айта кетейік. Жалпы, денсаулық сақтау саласына соңғы 3 жыл көлемінде бөлінген қаржы 58 пайызға өсті, кезең-кезеңімен емханалар мен ауруханалар салынуда. Үш жыл ішінде 33 емдеу мекемелері халық игілігіне беріліп, 22 нысан күрделі жөндеуден өтті.