Жаңа жыл өзінің жаңашылдығымен, жақсылығымен есте қалатын бірегей жыл болсын! - Ақмола облысының әкімі

АСТАНА. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов жерлестерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
None
None

Құрметті ақмолалықтар!

Бірер уақыттан соң, біз 2013 жылды қортындылайтын боламыз. Өткен жыл облысымыз үшін ырысты, берекелі болды деп ойлаймын.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таңдаған дұрыс бағытының арқасында еліміз түрлі салада қайта жаңғыртылып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінгі күні Президентіміз «Қазақстан 2050» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты стратегиясын» алдымызға міндет етіп қойып отыр. Мен ойымша, жұдырықтай жұмылған Ақмола жұртшылығы мемлекет басшысы қойған міндеттерді бірлесе орындап, республика бойынша үздік көрсеткіштерге жетеді.

Жалпы өткен жыл, өңіріміз үшін жаңа жетістіктермен, мәдени құндылығымызды асқақтатып, әлеуметтік салада қордаланған түйіткілдерді оңтайлы шешу жолдарымен есте қалды.

Диқандарымыз 5,1 млн тонна астық жинап, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосты. Аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алып, былтыр облыс аумағында «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен шамамен 222 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз 2 мың отбасы шаңырақты болып, алдына мақсат құрып, болашаққа жолдама алғанын айқындайды.

Мемлекетіміздің тағы бір алға қойған міндеттерінің бірі - жұмыссыздық деңгейін азайтып, жұртшылыққа тұрақтылыққа сенім беру.

Бұл тұрғыда мемлекет қолдауымен облыста индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында ондаған жаңа өндіріс орны іске қосылды. Нәтижесінде 9600 адам тұрақты еңбекпен қамтылды.

Ел болашағының тұтқасын ұстайтын кейінгі ұрпақ үшін біз жан-жақты жағдай жасауды қолға алдық. Тек биыл өңірде 4 мектеп пайдалануға беріліп, 2600 оқушы заманауи білім ошағында оқуға мүмкіндік алды.Ал 3 жастан 6 жас аралығындағы кішкентай бүлдіршідерді мектепке дейінгі біліммен қамтуда 87 пайыздық көрсеткішке жеттік.

Ел тарихында 2013 жыл ұлы тұлға, қазақ елінің дара перзенті Абылай бабамыздың 300 жылдық мерейтойын атап өтумен есте қалды. Осынау дүбірлі той Абылай ханның ту тіккен Көкше жерінде аталып өтуі - ақмолалықтар үшін үлкен абырой. Осындай игілікті істердің барлығы, Ақмола жұртшылығының бірлесе еңбектенуінің арқасында жүзеге асты дегім келеді.

Құрметті ақмолалықтар, алдағы жаңа жыл бұдан да жоғары көрсеткіштермен, жемісті болады деген сенімдемін.

Қазақтың 7 қазынасына жататын қасиетті жануар жылқы жылында ел есінде болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар жоқ. Біз қазақ жұрты - сәйгүлікті серік етіп, оны қастерлеп, қасиеттейтін елміз. Ал, жылқының төресі Құлагерді білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Ақан Серінің серігі болған «Құлагер» - ақмолалықтар үшін ерекше тұлпар.

Сөзімді қортындылай келе, Сіздерге келе жатқан жаңа жыл өзінің жаңашылдығымен, жақсылығымен есте қалатын бірегей жыл болсын деп тілеймін. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа шаттық, береке, бірлік, бақыт алып келсін. Жаңа жыл құтты болсын ағайын!

Соңғы жаңалықтар