Жаңа жылда жаңа заңдармен....

сол құжаттар арқылы қоғамның жан-жақты қарым-қатынасы қамтамасыз етіледі. Яғни қоғам алға жылжыған сайын, оның сол жылжуын қолдап-қолпаштап отыратын заңдар жазылады. Ал сол заңды жазып, өмірге әкелуден кейінгі басты талап - оны орындату екендігі ақиқат. Мемлекеттің тұрлаулы дамып, тұрақты қарқын алуы үшін де, экономикасы өрістеп, өркениет көшінен өз орнын лайықтап алу үшін де сапалы заңдар қажет. Сайып келгенде, қоғамдағы күнделікті қарым-қатынастардың өзі заң нормаларымен, түрлі ережелермен көбінесе қабысып жатады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамы үшін қабылданып жатқан заңдарды білу ғана емес, оны орындау құлқын арттыру да аса қажетті дүние секілді көрінеді. Дегенмен, жылдам өзгеріске ұрынып отырған қоғамда тіпті заңгерлердің өзі қай заңға қандай өзгерістер енгізілді дегеннен шатасатын деңгейге жеткен сыңайлы. Әйтсе де қай уақытта болсын, заңның сапасы санымен өлшенбеуі шарт.
Өткен бір жылдың ішінде Қазақстан Парламенті еліміздің түрлі саласын қамтитын 121 заң қабылдаған екен. Оның басым бөлігіне Мемлекет басшысы қол қойды, біршамасы БАҚ-та жариялануда. Ел дамуының негізгі бедерін білдіретін осы заңдардың біршамасы жаңа жылдан, яғни 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енетіні белгіленді. Бұның өзі 2010 жылдың Қазақстанның саяси, әлеуметтік, ықпалдастық өмірін қамтитын қадамдарға толы болатынын болжайды. Бұндай қадамдарды тиімді жүзеге асыру үшін былтырғы жыл бойы биліктің үш тармағы бірлесе отырып қыруар іс тындырды.. Әрине, Парламент қабылдап, ендігі өмірімізге араласатын заңдардың барлығына тоқталу мүмкін емес, дегенмен солардың маңыздысын атап өтсек.
Парламент қабылдаған заңға сәйкес, 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіледі. Аталмыш жүйе ұлттық денсаулық сақтау шарасы бойынша біршама негізгі бағытты қамтып отыр. Бұнда ең алдымен медициналық қызмет көрсетуде бәсекелестік ортаны қалыптастыруға маңыз беріледі. Бұл ретте тегін медициналық қызметті мемлекеттік мекемелер секілді жеке сектор да, жергілікті және халықаралық ұйымдар да ұсынатын болады. Дегенмен онда бірқатар талаптар да қарастырылады. Мәселен, ең алдымен мекеменің медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болуы шарт. Екіншіден, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан жүргізілген аккредитацияның болуы да міндеттеледі. Бірегей ұлттық жүйе аясында азаматтардың кепілдендірілген көмекке жүгінуі үшін мемлекеттікпен қоса жекеменшік клиникаларды таңдау мүмкіндігі қарастырылады. Яғни, стационарлық көмекке зәру азаматтарға еліміздің кез келген өңірінен, кез келген клиниканы таңдап емделуіне жағдай жасалады.
Әлеуметтік саладағы тағы бір жаңалық - 2010 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелерінде біршама өзгерістер орын алады. Атап айтқанда, биылдан бастап заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 70 мың 650 теңгеге (50 АЕК) дейін артады және бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, бірінші балаға жәрдемақы - 7 мың 772 теңге, екінші балаға - 9 мың 185 теңге, үшінші балаға - 10 мың 598 теңге, ал төртінші және одан кейінгі бала туғанда - 12 мың 11 теңге ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Бұдан басқа, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдауды дамыту мақсатында анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде берілетін жәрдемақының жаңа түрі көзделеді. Ал «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңына енгізілген басқа да өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін балалар саны 10-нан 7-ге, «Күміс алқа» белгісімен марапаттау үшін 8-ден 6-ға төмендету енгізілді. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынатын табысты шектеуді 28 еселенген АЕК-тен 32 АЕК-ке дейін, яғни 2009 жылғы 36 мың 288 теңгеден 2010 жылы 45 мың 216 теңгеге дейін арттыру көзделеді.
Сонымен бірге, былтыр Парламент қабылдаған тағы бір топтама заңдарға сәйкес 2010 жылғы қаңтардан бастап еліміздегі Ұлы Отан соғысының батырлары мен үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлеріне берілетін арнаулы жәрдемақы мөлшері 183 мың 690 теңгеге дейін артады. Ал әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері бұрынғы 75 АЕК-тен 86 АЕК-ке дейін арттырылады. Яғни, бұрын аталған санаттағы азаматтар 97 мың 200 теңге жәрдемақы алып келсе, 2010 жылдан бастап 121 мың 518 теңге алатын болады.
Сонымен бірге, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында, соғыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде әскери борышын өтегенін, еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлесін ескеріп, бірқатар заң актілеріне де өзгерістер енгізілді. Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын адамдарға, Социалистік Еңбек ерлеріне - 21 мың 195 теңгеден 98 мың 910 теңгеге дейін арта түседі. Бұдан басқа, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 183 мың 690 теңге шамасында мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстанның немесе бұрынғы КСРО-ның құрама командаларының құрамына кірген, 20 жыл еңбек өтілі бар, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында, оларға берілетін ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері 11 мың 34 теңгеден 33 мың 912 теңгеге дейін өседі.
Соңғы жылдары әлем елдері жаһандық экономиканы тұралатқан қаржы дағдарысын еңсерудің амалын қарастыруға көп күшін жұмсады. Қазақстан да бұл бағытта қаржы секторындағы құлдилауды ауыздықтап, «Жол картасы» арқылы жаңа бағдарды бетке алғаны белгілі. Бұл бағдар биылғы жылы да жалғасатын болады. Ескере кететін жайт, былтыр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аграрлық секторды дамытуға бағытталған түпкілікті шаралар да қолға алынды. Арнайы заң қабылдау арқылы «азық-түлік қауіпсіздігі» ұлттық қауіпсіздік тізбесіне енгізілді. Аграрлық секторды қолдау, қазақстандық қамтылымды арттыру бағытында заң нормалары күшейді, отандық өнімге басымдық беру мен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары негізгі ережелер бойынша ойластырылды.
Десек те, бұндай маңызды заңның толыққанды сұрыптаудан өтпей, осал тұстары кездесіп жататыны жасырын емес. Мәселен, былтыр ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару және реттеуге арналған заң қабылданған болатын. Құжаттың отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшінгі жақсы жаңалықтары мол. «Ветеринарлық бақылау бекеті», «ет өңдеуші кәсіпорын» және «сою алаңы» деген жаңа ұғымдар заң деңгейінде айқындалды. Бірақ заң қолданысқа енгізілмей жатып, бұл бағыттағы олқылық та білінді, асығыстық, құжатты құнттап қарамағандық байқалды.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің 2009 жылғы соңғы отырысында депутат Тито Сыздықов тура осы проблеманы алдыға тартқан болатын. «2010 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін заңға сәйкес ел азаматтары өз меншігіндегі малын сойып сату үшін малды арнайы салынған мал сою алаңдарында немесе ет комбинаттарында ғана соя алатын болады. Сойылған мал туралы құжат алып, еттің сыртына оның арнайы орында сойылғандығы туралы мөр басылуы шарт. Яғни, бұдан былай азаматтар өзі баққан малын өзі сойып сата алмайтын болды деген сөз. Өкінішке қарай, заңға мен қарсы болып едім, соған қарамастан құжатта осындай бап қабылданды. Ендігі күні халық арасында осы мәселеге алаңдаушылықтар көбейе түсті. Қазір ауылдарда, тіпті аудандарда да арнайы мал сою алаңдары жоқ. Сондықтан да малды сойып сату үшін жұрт тірі малын көлікке артып бәленбай шақырым жердегі мал сою алаңдарына баруы керек екен, сою алаңындағы қызметтерге қаражат шығындау тағы бар», деді Т. Сыздықов. Яғни, қазірден бастап «ет базарындағы ереже» күрт өзгеріп жатыр деген сөз. Елді мекендерде, жұртшылыққа қолайлы өңірлерде мал сою алаңдарының жоқтығы, мәселені одан сайын ауырлатады, ауылдағы ағайын тағы да делдалға жем болады. Жаңағы заңға сәйкес аз ғана малымен күнін көріп, өздігінен жұмыспен қамтылып отырған халық тағы да делдалдыққа ұрынып, мал құнын амалсыз арзандатып сатуға мәжбүр болайын деп тұр. «Бұнда мал сою мәселесіне дайындықтың қалай жүргізіліп жатқаны белгісіз. Егерде, бұған тиісті деңгейде дайындық болмаса онда заңдағы осы бапты уақытша болса да тоқтата тұру қажет», деді депутат. Яғни, алдағы уақытта Парламент осы заңға қайта оралып соғуы әбден мүмкін.
2010 жылғы жұрт күткен тағы бір жаңалық суға қатысты сараланған тарифті енгізуге қатысты болатын. Әуел баста бұндай тариф түрін енгізу биылғы қаңтардан, яғни қазірден басталатыны айқындалған. Кейіннен Парламент палаталарындағы талқылау барысында бұл мерзім өзгеріске ұшырады. Дегенмен, тарифке қатысты алдағы уақытта біршама өзгерістер болатыны анық. Мәселен, Парламентттегі заңға сәйкес, біріншіден, суды үнемдеуді ынталандыруға бағытталған тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізіледі. Бұл норма суды ұтымды пайдалануға, тұтынушылардың қаражаттарын, энергияны және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал коммерциялық мақсатта суды шамадан тыс пайдаланатын тұтынушылар үнемдеу технологияларын енгізуге немесе шекті бағадан артық соманы төлеуге мәжбүр болады. Екіншіден, өңірлік электр желілері компаниялары үшін салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып, тарифтерді бекіту ұсынылады. Бұл әдістің мәні - компаниялар арасындағы бәсекелестікті тудыра отырып, олардың қызметінің тиімділігін арттыру, желілерді жаңғыртуға қосымша инвестиция тарту болып табылады.
Былтыр елімізде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, Кедендік одақ шеңберіндегі ықпалдастықты қамтуға бағытталған топтама заңдар мен халықаралық келісімдер де ратификацияланды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатын болады. Бұдан өзге, еліміздің ішкі мәселелеріне, гендерлік саясатқа, сот жүйесін жетілдіруге, құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты заңдар да қабылданды. Бұлардың барлығы қоғам дамуының алғышартына айналатыны сөзсіз.
Жалпы, заңның қабылдануынан емес, оның орындалуына қарай тиісті қорытынды шығаруға болатыны шындық. Дегенмен, заңдардың неғұрлым тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оның сапасына баса мән берген орынды. Ал құжатты талқылау барысында қоғамның оған етене араласуы сапасына барынша әсер беретіні ақиқат. Қоғамды қоғам үшін қабылданып жатқан заңдарға араластырудың жолы да көп. Соның бір тармағы ғаламтор мүмкіндігі. 2010 жылы бұндай мүмкіндікті жүзеге асыру қолға алына бастайды. Яғни, қалың бұқараның пікірін ескеру мақсатында, заңның жобасы интернет сайтта жарияланып, баршаға қолжетімді бола түспек. Кез-келген азаматтың ғаламтор арқылы ұсыныс айтуына толық мүмкіндігі болады. Ендеше биылдан бастап халық, қалың бұқара қоғам үшін қабылданатын заңдарға қатысуға белсенді бола түссе игі.