Жаңа жылдан бері 5 мыңға жуық атыраулық коронавирусқа шалдықты

Атырау қалалық Эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Әсел Мұқаеваның айтуынша, былтырғы желтоқсан айында аптасына 30-40 науқас тіркелген.
«Қазір Атырау қаласында тәулігіне 400-ге жуық адамнан қауіпті вирус белгісі анықталып отыр. Науқастардың күрт көбеюіне байланысты карантиндік шараларды күшейту қажет. Өйткені, 2021 жылы облыста коронавирус инфекциясын 23 238 адам жұқтырды. Ал, биылығы қаңтар басталғалы бері 5 мыңға жуық науқас тіркелді. Талдау көрсеткендей, қаңтардың алғашқы аптасында 59, екінші аптада 130, үшінші аптада 1 мың 936 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Ал соңғы аптадағы статистикаға сүйенсек, науқастар саны 2 мың 448-ге жетті», -дейді Әсел Мұқаева.
Оның мәліметінше, облыстық аурухананың жұқпалы аурлар бөлімінде 200-ден астам науқас ем қабылдап жатыр.
«Науқастардың арасында 76 жүкті әйел бар. Жансақтау бөлімінде 20 науқас оқшауландырылған. Жағдайы өте ауыр 4 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деп мәлім етті Әсел Мұқаева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Қызыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны азаймай тұрғанын жазған едік.