«Жаңа жылды қарсы алуға қанша қаржы жұмсалады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Бес ғасырдан кейінгі белес» атты көлемді мақала басылды. Өтіп бара жатқан 2014 жылы өмірдің әр саласында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері баршылық.

«Жеңісті де, мерейлі сәттеріміз аз емес. Әйтсе де, солардың арасынан желтоқсан айының басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Иран Республикасының Президенті Хасан Руханидің және Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов қатысуымен ашылған Өзен - Қызылқия - Берекет - Этрек - Гөрган (Қазақстан - Түркіменстан - Иран) теміржолының маңызы ерекше болды деп есептейміз. Өйткені, бұл жол өзінің тарихи сипаты тұрғысынан алғанда Қазақстанның бес ғасырдан кейінгі көтеріліп отырған үлкен бір белесі болып табылады. Иранның Гүлстан провинциясында болып өткен осы оқиғаға байланысты Қазақстан Мемлекетінің басшысы «бұл оқиғаны біз көптен күттік» деп атап көрсеткен болатын»,-деп жазады газет. Бұл жолды салудың қысқаша тарихы мен таяудағы перспективалары жайында толық білгіңіз келсе, осы мақаланы оқып шығыңыздар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Жаңа жыл мерекесі дегенде еріксіз есіңе шырша, отшашу, Елбасының жаңажылдық құттықтау сөзі мен көптеген сыйлықтар алу, өзгеге сый-сияпат жасау түседі.

«Бір жылдық жұмыс жоспарын табысты аяқтауға тырысқан кез келген қызметкер жыл соңында берілетін қосымша қаражатқа халі келгенше отбасына сыйлық алуға тырысады. Бірақ мұны түсінген қара базар мен қажетті дүкендер бірден тауар бағасын көтермелеп, тұрғындардың қалтасын қағып қалуға тырысады. Отбасы мүшелерін қуантып, жаңажылдық кешті қажет деңгейде тойлауды қалтаңыз көтере ме?!»,-деп жазады басылым. «Kompetenz» сақтандыру компаниясының ақпараттық-талдау орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Жаңа жыл мерекесін асыға күтетін Астана және Алматы қалаларының 18-65 жас аралығындағы тұрғындары орта есеппен 17 450 теңгені сыйлыққа жұмсайтын көрінеді. Сауалнамаға қатысушылардың 24 пайызы туған-туыстарын тұрмыстық техника мен заманауи гаджет сыйлаймыз десе, 14% - жұмсақ ойыншықтар, 12% -тәттілер, 10% - иіссулар мен косметика, 7% - сыйға берілетін сертификаттар, 3% - әшекей және бағалы бұйымдар сыйлайтынын көрсеткен. Тұрғындардың жетпістен астам пайызы сыйлық жасаймыз десе, сауалнамаға қатысқандардың әрбір төртіншісі (24%) Жаңа жылда әр түрлі себеппен мүлдем сыйлық сыйламайтынын айтқан. Осы мәселені арқау еткен мақала «Жаңа жылды қарсы алуға қанша қаржы жұмсалады?» деген мақалада берілген.

Осы басылымда «Сочи, Инчхон, Алматы» деген көлемді мақала жарияланды. Жылқы жылы қазақ спорты үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені биылғы маусымда қазақстандық өрендерді аса маңызды үш бірдей ірі дүбірлі дода күтіп тұрды. Оның бірі - Сочидегі қысқы Олимпиада ойындары. Екіншісі - Инчхондағы жазғы Азия ойындары. Үшіншісі - Алматыдағы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты. Осы жарыстардың барлығында отандастарымыз орасан зор табысқа қол жеткізіп, өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шаттық сыйлады. «Қысқы Олимпиада ойындарында Қа­зақстан спортшыларының жүлде алатын кездері сирек. Тәуелсіздік алған кезден бергі кезеңге тоқталсақ, 1994 жылы Лилле­хаммерде өткен дүбірлі додада даңқты шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын мен 2 күміс медальді қанжығасына байлады. 1998 жылы Наганода Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева қолаға қол жеткізді. 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туриннен қоржынымыз бос қайтты. 2010 жылы Ванкуверде биатлоншы Елена Хрусталева күміс медальді мойнына ілді. Міне, баржоғы осы ғана. Ал биыл Ресейдің Сочи қаласында алауы тұтанған ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында Денис Тен қола жүлдегер атанды»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалардың шектен тыс артық салмағы жаһандық проблемасын талқылайтын болады. Атап айтқанда, сәбилер, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік мәселесі барша елдерде қауіпті болуда. Барша әлемде артық салмақтан зардап шегіп жүрген балалардың саны 1990 жылғы 31 миллионнан 2013 жылы 42 миллионға дейін артты. Осындай жағдай сақтала берсе, 2025 жылы семіздік проблемасына шалдыққан балалар саны 70 миллионға жетуі мүмкін. Сарапшылардың атап өтуінше, артық салмақ салдары диабет пен жүрек ауруларына алып келуі ықтимал.

Соңғы жаңалықтар