Жанабыловтар ісі: блогерлер рақымшылыққа ілікпейді

АСТАНА. KAZINFORM – Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова рақымшылыққа ілікпейді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

 Санжар Әділов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Блогерлер рақымшылыққа ілікпейді, яғни оларға қатысты қылмыстық істен босату және жаза мерзімін қысқарту жеңілдіктері қолданылмайды. Бұл баптарға рақымшылық нормалары таралмайды, - деді Санжар Әділов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, 2025 жылы 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекеті Қазақстан Туризм және спорт министрлігі назарына іліккен болатын.

2025 жылдың 16 қазанында блогер Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

2026 жылы 13 наурызда Жанабыловтар ісі сотқа жолданды.

Ал 27 сәуірде Астана қылмыстық соты ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім шығарды.

Сот Е. Жанабыловқа 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленеді. Э. Төлегеноваға сот 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді және мүлкін тәркілеуді белгіледі. Сонымен қатар, оның кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.