Жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады - Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Бұдан былай игерілетін ірі кен орындарының негізгі  бөлігі мемлекеттің қолында болады. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов осындай мәлімет келтірді.

Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған кен орындары есебінен 2024 жылы газ өндіруді 2,3%-ға арттыру жоспарланып отыр
Фото: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

- Соңғы жылдары қабылданған барлық заңға Президенттің «әділеттілік идеясы» арқау болғанын атап өткен жөн. Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаздық. Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады, - деді ол.

Мәжіліс спикері Президенттің тікелей пәрменімен заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданғанын еске салды.

- Соның нәтижесінде екі триллион теңгеге жуық актив елге қайтарылды. Осының бәрі – Президент реформаларының жемісі. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған батыл қадамдар, - деді Ерлан Қошанов.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің ресми сайтына «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласын жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар