Жаңадан құрылған министрліктерді бөлу процесі қашан аяқталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жаңадан құрылған министрліктерді бөліп шығару мен қаржыландыруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге қаржыландыруға қатысты есептеулер атқарылмады. Жаңартылған Үкімет мүшелерімен алғашқы отырыс өтті. Оның барысында Жолдауды орындау бойынша тапсырмалар талқыланды. Жаңа министрліктерді бір айдың ішінде бөлеміз. Осы бағытта біраз процедураны іске асыру керек. Содан кейін қосымша шығындарды есептейміз», - деді Е.Жамаубаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда спикер 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Мәжілістің қарауына енгізілгенін, 11 қыркүйекте осы құжат таныстырылатынын айтты. Мәжілістегі таныстырылым барысында бөлінген қаражат егжей-тегжейлі қаралады. Соның аясында қосымша шығындар талқыланады.

«Жаңадан құрылған министрліктер басқа бір ведомстводан бөлініп шығып жатыр. Сондықтан биылға қарастырылған қаражат көлемінде жаңа министрліктерді бөліп шығарамыз. Әр министрліктің өзіне қарасты салалық бағыттары бар. Осы орайда олар өзіне тиесіле қаражатты бөліп алады. Ал әкімшілік шығындарға тоқталсақ, қызметкерлер санына қарай бөлеміз», - деді министр.

Айта кетейік, жақында Президент Жарлығымен, 5 жаңа министрлік құрылды, олар – Су ресурстары және ирригация министрлігі; Көлік министрлігі; Туризм және спорт министрлігі; Мәдениет және ақпарат министрлігі; Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.


Соңғы жаңалықтар