Жаңадан салынатын жолдарда модификацияланған битум қолданыла бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңадан салынатын жолдарда модификацияланған битум қолданыла бастайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

Өскеменде көлік жүргізушілері жолға төселген битумның дөңгелекті бүлдіргеніне шағымданды
Фото: Видеодан алынған скрин

- Автожол жобаларын іске асыру үшін елімізде негізгі құрылыс материалы бар. Бұл құрылысты толық қамтамасыз етуге және жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Инертті материалдар шектеулі өңірлерде ірі өндіріс орындарының техногендік минералдық қалдықтары пайдаланылады, - деді ол.

Министр жолдың сапасы битумға тікелей байланысты болғандықтан оған жеке тоқталды.

- Бірінші - көлем. Отандық өндірушілер битуммен толық қамтамасыз етеді. Екінші - сапа. Жол сапасын көтеру үшін құрылысшылар мұнай өңдеу зауыттарымен бірігіп жаңа стандартқа көшуді ұсынды. Енді жаңа жобаларда модификацияланған битумды қолданамыз. Зауыттар ұлттық стандарттарға сәйкес бұл өнімді кезең-кезеңімен өндіруге көшеді. Айта кету керек, Ресей Федерациясы бұл жұмысты 2016 жылдан бастады, - деді министр.

Оның мәліметінше, автожолдарды дамыту үшін бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды салу керек. Оған мыналар кіреді:

- мультимодальды логистикалық хабтар мен заманауи өткізу пункттері;

- жаңа форматтағы жол бойы сервистері;

- цифрлық шешімдер.

- Бұл бағыттар бойынша жұмыс істелініп жатыр. Мысалы, халықаралық өткізу пункттерінің құрылысын 2027 жылы толық бітіреміз, - деді Нұрлан Сауранбаев.

Айта кетейік, Үкімет алдағы 3 жылда 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум