Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің 80 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Жаңақала ауданында «Жаңарған өңір» газетінің 80 жылдығы кеңінен аталып өтілді.
None
None

Газет редакциясы ұжымын мерейтойымен аудан әкімі Лавр Хайретдинов, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин және басқалар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Аудан өмірін көрсетуде, жаңалық-хабарларды жедел жеткізуде аудандық газеттің маңызы ерекше екені аталып өтілді.

Аудандық газеттің бас редакторы Өмірзақ Ақбасовтың айтуынша, Жаңақала аудандық газетінің алғашқы саны 1934 жылы күзде «Социалистік еңбек» деген атпен 1942 жылға дейін латын әрпімен шығып тұрған. Әрине, ол кездегі газеттің көлемі де, техникалық мүмкіндігі де шектеулі болған. Сол шағын көлемді екі беттік газетті шығарудың өзі үлкен қиындық туғызған. Ең бастысы, кадр жетіспегені аян. Аудандық газет 1934 жылдан 1959 жылдың 19 қарашасына дейін «Социалистік еңбек» деген атпен шықса, 1959 жылдан аудан тараған 1962 жылға дейін «Коммунистік еңбек» деп аталды. Ал 1962-1972 жылдар аралығында аудан таратылып, елдің іргесі сөгіліп, Қазталов, Фурманов аудандарына бөлініп қосылған кезде ауданаралық «Коммунист» деген газет шығарылды. Аудан қайта құрылған 1972 жылдан бастап күні бүгінгіге дейін аудандық газет «Жаңарған өңір» деген атпен шығып келеді. «Социалистік еңбек» газетін алғашқы екі жылда Жаңақала аудандық партия комитетінің насихат бөлімі жетекшілік етіп шығарды. 1936 жылдан 1946 жылға дейін Молдабай Жалмұхамбетов деген жергілікті адам редакторлық етіпті. 1946 жылдан 1948 жылға дейін Нұрпейіс Есендосов, 1948 жылдан 1957 жылға дейін Оқас Үбішов, 1957 жылдан 1962 жылға дейін Нұралы Мерғалиев редактор болды. Кейін Ізбасар Өтеуов, Ұзақбай Рахматуллин сынды білікті журналистер жетекшілік етті.

Газет күні бүгін аптасына бір рет, сегіз бет болып түрлі түспен шығады. Таралымы да жыл санап артып келеді. Газеттің техникалық базасы да жақсарды. Шығармашылық топ қажетті жаңа заманғы құралдармен қамтамасыз етілді. Жазу, теру, құрау жұмыстарының бәрі компьютермен атқарылады. Газет макеті баспаханаға интернет арқылы жіберіледі. Жалпы, аудандық газет сапалық, көркемдік жағынан аудандық газеттер арасында алдыңғы қатарда келеді. 2012 жылдың соңына дейін «Жаңарған өңір» ЖШС болып келген газет редакциясы облыстық «Жайық Пресс» ЖШС-ның Жаңақала филиалы болып қайта құрылып, жұмыс жасауда.

Аудандық газет көтеретін мәселе де аз емес. Атап айтқанда, адамгершілік, имандылық, отаншылдық, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау, ана тілінің мәртебесін көтеру, ұлтаралық бірлік пен татулық, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер, ауыл шаруашылығы, мәдени сала, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, тағы басқа тақырыптар - газет мазмұнының өзегі. Бір сөзбен айтқанда, аудандық газет ауданның тыныс-тіршілігін толық қамтып, аудан айнасы болу мақсатын ұстанады. Ғұлама ғалым, ұлтымыздың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов сөзімен айтқанда, «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Аудандық «Жаңарған өңір» газеті осы талап деңгейінде жұмыс жасай бермек.

Соңғы жаңалықтар