Жаңақалада Мәмен күйшінің кесенесі ашылды - БҚО

ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында облыстан келер үлкен жол бойында ақшаңқан тастан әдемі ойылып салынған күйші Мәмен Мұратұлының кесенесі ашылды.
None
None

Салтанатты жиынды Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов ашып, Қазақстан халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевқа сөз берді.

- Қамыссамарлықтар, бүгін сіздердің жерлеріңізде өте бір айтулы оқиға болып отыр. Ел, халық өткен-кеткенін түгендеп, етек жиды. Мәмен заманында талай халықты тамсандырған тарлан күйші еді. Бүгін оның даңқы өзі тірі кезінде армандамаған дәрежеге жетті. Құрманғазының, Динаның, басқа да күйшілердің шәкірті болған Мәмен өзінің талантты шәкірттері арқасында бүкіл қазақ жұртына әйгілі болды, - деген жазушы 1964 жылы Ахмет Жұбанов арқылы Қалимен танысқанын, Қали арқылы Мәменнің күйшілік өнеріне қаныққанын тартымды әңгімеледі.

-Қалидың үлкен ауруы Мәмен болды. Мәменді ұғу арқылы сол кездегі халықтың шерін ұғуға болатын еді. Қали ұстазы Мәменді елге танытты...

Алтын Ордадағы музыкалық үлкен қорды бізге жеткізушілердің бірі - Мәмен. Оған өзі шығарған күйлерін қосты. Қысқасы, Мәменнің қаншалықты шебер орындаушы, дәулескер күйші болғанын елі таныды. Оған көрсетілген құрмет орынды. Аруағы жебесін. Кесенесі құтты болсын. Мәмен есімі асқақтай берсін,- деді кемеңгер жазушы.

Кесене лентасын қию құрметті жазушы Әбіш Кекілбаев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменге ұсынылды. Жамылғысы сыпырылған кесене аршылған жұмыртқадай сәулетті көрініп, елдің ризалық ықыласы мен күн нұрына бөленіп тұрды.

Мұнан кейін қонақтар отырған тікұшақ бірден күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов мазары басына қонды. Өнерді қастерлеген топ күйші бабаларына құран бағыштады. Мұның алдында олар таяуда дүниеден озған Қазақстанның халық әртісі, профессор, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловтің басына барып, тағзым еткен болатын.

Түстен кейінгі шара аудандық мәдениет үйі алдындағы күй алыптарына қойылған ескерткіш мүсіндерге гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Аудандық мәдениет үйінің үлкен залында әйгілі күйші Мәмен Мұратұлы кесененің ашылуына арналған салтанатты жиынға ұласты.

Жиынды аудан әкімі Л.Хайретдинов ашты. Мұнда да сөз белгілі қоғам қайраткері, Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаевқа берілді. Халықтың ұзақ қол соққан қошеметімен мінберге көтерілген жазушы әріден толғады.

-Сіздің өлкеде болғым келіп, оқталып, соға алмай жүргенмін. Биылғы Астанадан  ұзап шыққан алғашқы сапарымда Орал өңіріне, соның ішінде Жаңақалаға ат басын тіреуді жөн көрдім. Оның тағы себептері бар. Қазақстанда қала көп, жаңасы бар, ескісі бар, Жаңақаладай орын жоқ. Өйткені қақ төрінде қазақтың бес ұлы композиторы тұрған бірде-бір қала ешбір Австралияда да жоқ, Германияда да жоқ, Польшада да жоқ. Мен біраз елді араладым. Барлық жерде саңлақ шыққан музыканттары жалғыз тұр.

Қазақта үйір-үйір жылқы ғана емес, үйір-үйір жүрген дүлдүл композиторлар да бар. Сол қазақ даласындағы күйдің  астанасы - Жаңақала.

Бір кезде Қазаннан шығып, Жаңақазан саламыз деген азаматтар шамасы Қазаннан көшіп кеткен Алтын Орда дәуірін осы Қамыссамардан  табамыз, Жаңақазан сондай жаңа астана болады деп есептеген болар. Иншалла, соның біреуі болмаса, біреуі орнына түсіп жатыр. Соның ең үлкені осы Алтын Ордадан қалған  алтын мұраны - қазақтың 1001 күйін  өмірге әкелген елдің ең үлкен  жері, ең үлкен ордасы, ең үлкен ұясы - Жаңақала. Бұлай айтсақ әділетке де, ештеңеге қиянат жасамаймыз. Өйткені қазақтың тек қана Құрманғазысын туып берген өлкені айтсақ - Жаңақала, Динаны туып берген - Жаңақала. Тек осы екеуін айтсақ, бүкіл күй өнерін айтқан болар едік. Мәмен, Оқап, Қали, кешегі өмірден өткен Тұяқберді... Иманды болсын.

Жазушы осылайша тебіренді.

Қасиетті Нарында туған дарынды күйшілердің бірі де, бірегейі Мәмен Мұратұлы Қамыссамар деген жерде 1868 жылы дүниеге келген.

Мәмен өзі алдын көрген Құрманғазының өлмес өнерін жалғастырып, шебер орындаушылығымен ғана емес, күй шығаруымен де осы өлке тарихында қалған адам. Және де оның күйшілік, орындаушылық шеберлігін өнер зерттеушілер жоғары бағалаған.

Осыны пайымдаған аудан әкімдігі қолайлы жерді белгілеп, бұл сауапты іске Жаңақала ауданының түлегі, жеке кәсіпкер Серік Бекқайыров пен Теміржан Нұрмұқаев сынды демеуші, кесене тұрғызатын «Каскад» ЖШС-ін (директоры С.Төлегенов) тапты. Атырау, Ақтау жақтан ақшаңқан тастар алғызды. Нәтижесінде кесене келіскен уақытта әзір болды.

Соңғы жаңалықтар