Жаңақалаға Америкадан асыл тұқымды мал әкелінді - БҚО

ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданы Көпжасар ауылдық округіндегі «Мұса» шаруа қожалығына алыс Америкадан асыл тұқымды малдар әкелінді.
None
None

Қожалық жетекшісі Тілеген Мусиннің айтуынша, інісі Ерболмен бірге Үкіметтің қолдауымен осындай іске тәуекел еткен. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен екі жыл демалысы бар, жеті жылға берілетін лизинг арқылы 120 бас бір жылдық герефорд қашары мен 4 бас бұқасын алуға келісімшарт жасалған. Оның құны - 80,5 млн. астам теңге. Іздеген малдары АҚШ-тың Монтана, Солтүстік және Оңтүстік Дакота штаттарынан табылды. Мал аналығының орташа бағасы - 606750 теңге, аталығы - 1,125 млн. теңге. Дегенмен әр басқа 235 мың теңге демеуқаржы төленеді.

Келісімшартқа сәйкес «ҚазАгроҚаржы» АҚ малды қожалықтың Тасқұдық қыстағына жеткізіп берді. Ауданның бас мал дәрігері Бауыржан Аюповтың айғақтауынша, мал қоңды, сырт көзге ауру-сырқауы байқалмайды, бәрі де сергек. Алайда 30 күнге карантинге қойылып, зерттеледі.

Асыл тұқымды малдың әкелінуіне ұйытқы болған аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің сөзіне қарағанда, герефорд - көп уақыт бойғы сұрыптаудың арқасында XVIII ғасырдың аяғында Англияда Херефордшир графтығында шығарылған тұқым. Қазақтың ақбас сиырының түп атасы да осы тұқымнан тараған. Бұл малдың келуіне басты себеп - ұзақ жыл қаны тазармаған жергілікті ақбас сиыр тұқымы ұсақталып, өзінің жақсы қасиеттерін жоғалта бастады. Күні ертең «Мұса» шаруа қожалығы асыл тұқымды бұқаларын сата бастаса, ол аталықтан аудан малының қаны жаңарып, өзінің байырғы қасиеттерін жақсартады. Мал асылданып, өнімділігі артады. Ол мал өсіріп, күнкөріс жасайтын батысқазақстандықтарға тиімді болмақ.

Соңғы жаңалықтар