Жаңақорған ауданында қиыршық тас өндіріле бастады

Солардың бірі - «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС. Аудан көлемінде 2006 жылдан бергі түрлі фракциядағы қиыршық тас өндірумен айналысып келе жатқан «Дархан-2006» ЖШС-нің құрылтайшысы кент тұрғыны Таңат Ағманов үстіміздегі жылы «Оңтүстік» ӘКК-мен бірлесіп, жоғарыда аталған «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС-ін құрды. Өндіріске екпін беретін және өтімділігі жоғары өнім шығаратын кәсіпорынды іске қосты.
- Сапалы бетон қоспасын шығару үшін жуылған жоғары сортты құм қажет. Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда қаласының аралығындағы автобан құрылысының жүргізетін итальяндық «Тодини Конструкцион Дженерали» акционерлік қоғамы жергілікті өнеркәсіпшілер өндірген құмды жарамсыз деп тауып, жуылған құмды Түркістан қаласынан сатып алып, тасымалдап жатыр. Бұл оларға қымбатқа түсуде. Мәселен, 1 текше метр құм бағасы 1900 теңгеден түссе, оның үстіне тасымалдау құны тағы бар. Ал біз өндірген өнімнің сараптамалық қорытындысы жол салушылар талабына сай келді. Демек, өнімге сұраныс бар, - дейді Таңат Ағманов.
Аталмыш кәсіпорын индустриялық-инновациялық жобалар аясында жылына 20 мың тонна қиыршық тас және 20 мың тонна жуылған құм өндіруді межелеген. Қазіргі талап тұрғысындағы ауанға байланысты жылдық жоспарын екі еселеуді көздеп отыр. «Тек, электр қуатын алу кедергі келтіріп отыр. Осыған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан көмек болса» деп мекеме басшысы өз тілегін жеткізді.
Жаңа кәсіпорында әзірге 13 маман еңбек етуде. Құдықтарға бетон жақтау, түрлі астаулар, бетон плита блоктарды да қоса шығаратын цехта еңбек ететін Шоқан, Сейфулла есімдерді жігіттердің қимылдары әбжіл екендігін аңғардық. Сондай-ақ мекеменің атқарушы директоры Асылхан Ағманов ұйымдастыру жұмыстарын игеріп, іскерлік қабілетті шыңдап жүрген жас екендігін байқатты.