Жаңақорған ауданында жанып кеткен мектептің орнына жаңасы салынады - облыс әкімі

Мұны осы округке келген сапарында облыс әкімі Болатбек Қуандықов мәлімдеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өрт түн ортасында басталды, жалын мектеп ғимаратының 1 310 шаршы метр аумағын шарпып, оны түгелдей күлге айналдырды. Құтқарушылар өртпен таңға дейін күресті. Бірақ, мектепті аман сақтап қалудың еш мүмкіндігі болмады. Ішіндегі мүліктері де түгел оттың құрбаны болды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
«Өрт мұғалімдер бөлмесінен басталған. Оны байқаған қарауыл өрт сөндірушілерге көрші үйден хабар берген. Төтенше жағдай қызметінің мамандары келгенше жалынмен өзіміз күресуге тырыстық. Алайда, от бой бермеді. Мектептен тек құжаттарды ғана алып шықтық», - дейді мектеп директоры Шолпан Оспанова.
Облыс басшысының айтуынша, жанып кеткен мектептің 200-ге жуық оқушысы әзірге ауылдағы екі үйде оқитын болады. Ал келер көктемде Қыраш ауылында еңселі жаңа мектеп бой көтереді.