13:50, 03 Шілде 2009 | GMT +5
Жаңақорғандық егіншілер бітік өнім шығатынына үміт артып отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Биылғы жылы Жаңақорған ауданының диқандары индикативтік жоспардағы 25 850 гектар егістің орнына 27 260 гектар алқапқа түрлі дақылдарды екті. Бұл межеленген көлемнің 105,4 пайызын құрайды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көптеген аудандар үстіміздегі жылы аяқ су тапшылығы бола ма деген қауіппен суды көп талап ететін байырғы дақыл - күріштің көлемін қысқарта бастағанда жаңақорғандықтар керісінше оның көлемін 1 930 гектарға арттырды. Нақты кезеңде оңтүстік ауданда 7 930 гектар Сыр салысы күтімге алынып, бапталуда. Бұл орайда аудан әкімі Бекмырза Еламановтың және тәжірибелі ауыл шаруашылығы мамандарының батыл әрекет жасағандығын атап айтқан жөн. Өйткені биылғы жылы Сырдария өзені кенересінен толып ағуда, яғни, су тапшылығы жоқ. Сонымен бірге күріштің бағасы диқандар үшін қолайлы болып тұр. Демек, кеткен шығынды жауып, табыс табуға мүмкіншілік бар.