Жаңаөзен қаласының Кешенді жоспарын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 8,4 млрд. теңге бөлінбек

АҚТАУ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Жаңаөзен қаласының Кешенді жоспарын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 8,4 млрд. теңге бөлінбек,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2008 жылы республика Үкіметі Жаңаөзен қаласының әлеуметтік- экономикалық даму проблемаларын шешу жөніндегі Кешенді жоспар қабылдаған болатын.

Жаңаөзен қаласының кешенді жоспарын іске асыруға арналған 39 млрд. қаражатқа қосымша 4 млрд. теңгедей қаржы бөлініп, жоспар аясы 2012 жылға дейін созылып, игерілетін қаржы көлемі бір облыс бюджетіне сай 43 млрд. теңгедей көлемде бекітілген-ді.

Жаңаөзен қаласы Ақтау қаласынан кейінгі облыстық маңызы бар екінші қала болып табылады.

2000 жылдары 60 мыңға тарта тұрғыны болған Жаңаөзен қаласы халқының саны соңғы 15 жыл ішінде 116 мыңға жетті. Қаладағы тұрғындар саны көбейгендіктен бала туу саны да өсу үстінде.

Нақты деректерге сүйенсек, жылына 3500-ге жуық сәби дүние есігін ашуда.

Халық санының негізгі өсіміне ТМД елдерінен қандастарымыздың жаппай көшіп келуі ықпал етуде.

Шаһар халқының күрт өсуі қалада әлеуметтік нысандарды көптеп және тездетіп салуды қажет етіп отыр.

Соңғы жылдары қалада 15 жаңа шағын аудан бой көтерген. Қазір бұл аудандарға жол, электр тарату жүйелері мен газ, су құбырлары тартылуда. Сондай-ақ бюджет қызметкерлері мен жас отбасыларға арналған 200 пәтерлі екі тұрғын үй салынып жатыр.

Қала басшылығының айтуынша әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған қаржыға денсаулық сақтау және білім беру нысандары салынбақ.

Сондай-ақ кешенді жоспарға сәйкес қаланы дамыту жұмыстарына биылғы жылы республикалық бюджеттен 8,4 млрд. теңге бөлінетін болды. Бұл қаржыға Жаңаөзен қаласының маңындағы елді мекендердегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы басталмақ.

Соңғы жаңалықтар