Жаңаөзенде болған жағдайларға байланысты сот органдарына қамауға алу жөнінде 16 санкция келіп түсті

«Осы уақытта Жаңаөзенде болған жағдайларға байланысты ақпараттар көп таралды. Сонымен қатар аймақта арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Алдағы жылдың 5 қаңтарына дейін төтенше жағдай жарияланған. Жалпы Жаңаөзенде және Шетпе ауылында болған жағдай мемлекеттік органдардың бақылауында» дейді апелляциялық істер алқасының төрағасы. Сондай-ақ ол сөзінде Жаңаөзенде болған оқиғаларға байланысты әкімшілік істер қозғалып жатқандығын атап өтті. «Бұлардың біразы қаралу үстінде. Тіпті қамауға алу жөнінде де санкция беріліп жатыр. Тергеу органдары қозғаған қылмыстық істер негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысумен байланысты», - деді Н.Шәріпов. Оның деректерінше, соттарға санкция келіп жатыр, аудандық соттар да санкция беріп жатыр. Осы уақытта қамауға алу жөнінде 16 санкция түсті. «Ал әкімшілік істердің басым бөлігі ұсақ құқық бұзушылық пен өкілеттік органдардың заңды талаптарына қасақана бағынбау» - деді облыстық сот өкілі.