Жаңаөзенде деструктивті діни ағымды ұстанатын 2 тұрғын ұсталды - ҰҚК

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҰҚК қаруды заңсыз жасау және өткізу ісін тергеу барысында деструктивті діни ағымды ұстанушы еік Жаңаөзен тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңаөзенде деструктивті діни ағымды ұстанатын 2 тұрғын ұсталды - ҰҚК

«7 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын заңсыз жасау және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының деструктивті діни ағымды ұстанушы 2 тұрғынды ұстады.

Тінту барысында айғақ заттар табылып, тәркіленді. Оның ішінде екі автомат, үш тапанша, дыбыссыз атуға арналған құрылғы, сондай-ақ оқ-дәрі бар. 9 тамызда сот күдікті адамдарды қамауға санкция берді», делінген хабарламада.

Комитет баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір тергеу фигуранттардың экстремистік сипаттағы қылмыстарға қатысы тексеріліп, істің өзге де мән-жайы анықталып жатыр.