18:47, 15 Тамыз 2022 | GMT +6
Жаңаөзенде қару сатқан 2 адам сотталды
ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат – Жаңаөзенде қару дайындаумен және сатумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҰҚК сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңаөзен аудандық сотының шешімімен аймақтың тұрғындары «Б» және «Н» тиісінше 5 және 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қылмыстық бизнестері қарқынды жүрген топтың әлеуметтік желілерде кең таралған клиенттік базасы болған. ҰҚК уақтылы қабылдаған шараларының нәтижесінде олардың қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілді. Операция барысында 4 жауынгерлік «Калашников» автоматы, өздігінен оқталатын 1 «Симонов» карабині және 48 оқ-дәрі тәркіленді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті наурыз айында қару-жарақ дайындайтын жасырын цехты жою бойынша арнайы операция жүргізген болатын. Қылмыскерлер техникалық жөндеу орталығында тапсырыспен атылмайтын қаруды жауынгерлік қаруға айналдырған.