Жаңаөзенде қылмыскерлер әрекет етті және олардың қылмысын әлеуметтік қарсылыққа теңестіруге болмайды - ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев

АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Жаңаөзенде қылмыскерлер әекет етті және олардың қылмысын әлеуметтік қарсылыққа теңестіруге болмайды.
None
None

Бұл туралы бүгін Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындылары бойынша брифингіде БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев айтты.

«Өздеріңізге белгілі, бүг3н Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Мемлекет басшысы Жаңаөзенде зардап шеккен Қазақстан азаматтарына және қаза тапқандардың отбасыларына шынайы және терең қайғырған көңіл айтты. Қашанда да мұндай төтенше оқиғаларда жазығы жоқ адамдар зардап шегеді және оның 16 желтоқсанда, біздің ұлы күнімізде, Тәуелсіздік күні болғаны көңілге қаяу түсіреді. Менің білетінім, Нұрсұлтан Әбішұлы осы өте ауыр сағаттарда зардап шеккендердің барлық отбасыларына барынша материалдық көмек көрсету жөнінде нұсқау берді және бұл мәселені өзінің тікелей бақылауына алды», - деді Е.Ертісбаев.

«Мемлекет басшысы бүгін біздің барлығымызды тәуелсіз дамуымыздың 20 жылы ішінде біз қол жеткізген ең басты құндылығымыз - сабырлылықты, тыныштық пен орнықты дамуымызды одан әрі көздің қарашығындай сақтауға шақырды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күні, міне, осы сәтте барлық қазақстандықтар Ұлт көшбасшысының төңірегіне, біздің Президентіміздің төңірегіне топтасудың үлкен қажеттігін тағы да сезінді, ол бұл мәселені өзінің тікелей бақылауына алып отыр», - деп қосты Мемлекет басшысының кеңесшісі.

Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, өкімет қазірдің өзінде Жаңаөзендегі жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдады. Мәселен, 2012 жылғы 5 қаңтарға дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен қалада төтенше жағдай енгізілді, республика ішкі істер министрі мен бас прокурорының бірлескен басшылығымен жедел-тергеу тобы, сондай-ақ бірінші вице-премьер Ө.Шөкеевтің басшылығымен үкіметтік комиссия құрылды, олар болған оқиғаның мән-жайын барынша зерделейтін болады.

«Мен төтенше жағдайдың енгізілуі орынды деп ойлаймын, өйткені отты қаруды алып, оларды бейбіт азаматтарға қарсы, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы қолдану қажет деп санайтын адамдар бар. Әлемнің кез келген елінде және әрқашан да егер осындай оқиғалар бола қалса, Мемлекет басшысы өзінің барлық құзыретін пайдалана отырып, осындай ерекше шараларды қолға алуға құқылы», - деп түсіндірді Ертісбаев.

Болған оқиғаны тексеру барынша егжей-тегжейлі, шынайы және барынша ашық жүргізілетін болады, деп хабарлады Мемлекет басшысының кеңесшісі. Оның үстіне, Е.Ертісбаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында атап көрсеткендей, тексеруге тәуелсіз сарапшылар да тартылуы мүмкін.

"Бұл өте маңызды мәселе, өйткені бұл ешкім де тексеру шынайы жүргізілмеді деп бізді айыптай алмауы үшін қажет. Қайта біз тексеру шынайы болуына, бұл қылмыстық әрекеттерді бастаушылардың аттары аталып, тиісті шаралар қабылдануы үшін өте-мөте мүдделіміз. Сонымен қатар барынша шынайы тексеру болашақта мұндай жағдай елімізде қайталанбауы үшін де қажет», - деп атап көрсетті кеңесші.

Сонымен қатар Е.Ертісбаев Жаңаөзенде қылмыскерлердің әрекет еткендігін және олардың жасаған қылмыстарын әлеуметтік наразылықпен шатастыруға немесе оған теңестіруге де болмайтындығын ерекше баса айтты.

«Мен әзірше бұны тыңғылықты жоспарланған акция деп айта алмаймын, дегенмен ондай да ақпарат бар. Бірақ еңбек дауын, кез-келген әлеуметтік дау-дамайды қарақшылық элементтерден нақты бөле-жара қарастыру қажет. Тағы да бір мәрте сіздердің назарларыңызды құқық қорғау органдарына, бейбіт азаматтарға қарсы қол көтеруге түрткі болған қарақшылық элементтермен бірнеше айға созылған еңбек дауын ешқашанд а шатастырмауды және қатар қоймауды қаперлеріңізге алуға баса көңіл бөлулеріңізді қалаймын. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Жаңаөзенде шамамен 10 адам қаза тапты, ауыр жараланғандардың ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар... Адам , тағы бір адамның өмірін қиғанда шектен шығып, заңды аттап өтеді, қылмыскерге айналады. Бұны барлығы айқын түсінуі қажет. Және де мен көпұлтты қазақстандық халық, Қазақстанның барлық азаматтары Жаңаөзенде орын алған кешегі оқиғаларды айыптайтындығына әрі Мемлекет басшысымен бірге зардап шеккен отбасыларға шын ниетімен қайғыларына ортақтасатындығына кәміл сенемін», - деп атап өтті кеңесші.

Брифинг барысында Ермұхамбет Ертісбаев оқиғаның шығу төркінінің ықтимал себептерін де атап өтті. Оның айтуынша, сенбі күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы соңғы 2-3 жылдың ішінде жаһандық қаржы дағдарысы тіпті өте жоғары дамыған елдердің өзіндегі жағдайды шиеленістіріп жібергендігін байқағандығын атап өткен. Дәл жаңаөзендегідей оқиға ағымдағы жылдың тамыз айында Лондонда да орын алған болатын. Онда да адамдар қаза тауып, Лондон тұрғындары ашық тонаушылыққа барды, автомобильдер мен ғимараттарды өртеді. Осыған ұқсас оқиғалар Грекияда да орын алды.

«Десек те, қаржылық дағдарыс әлеуметтік қақтығыстарды барынша шиеленістіріп жіберді және де өкінішке орай ТМД-дағы бақуаттылық пен гүлденудің аралына айналған біздің еліміз де тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын мерекелеу күні дәл сондай жағдайдан айналып өте алмады», - деді Е.Ертісбаев.

Соңғы жаңалықтар