Жаңаөзенде лудоман өз-өзіне қол жұмсады
АҚТАУ. KAZINFORM — Жантүршігерлік оқиға кеше сағат 17:30–да Жаңаөзен қаласы «Самал» шағын ауданы 28-ші үйде болған.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша 33 жастағы тұрғын әйелімен болған жанжалдан кейін, дәлізге шығып, өз-өзіне қол жұмсап тамағын кескен. Содан кейін тұрғын үйдің 4-қабатынан секірген. Салдарынан екі аяғы сынып, ауыр жағдайда Жаңаөзен қалалық көп бейінді ауруханаға жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
— Науқастың жағдайы ауыр, сан сүйегі, кеуде сүйегі сынған. Құлағаннан іш құрылысына зақым келген. Мойны мен иығында қиылған жаралар бар. Жарақаттардың салдарынан науқас қансырап қалған, — дейді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Еділханов.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Әйгерім Ибатуллаеваның мәліметінше, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша жәбірленуші құмар ойындарға әуестенген. Тергеу жалғасуда, — дейді Әйгерім Ибатуллаева.
Бұған дейін, судья ажырасу істерінің неше пайызы лудоманиядан болатынын айтқан еді.