Жаңаөзенде орын алған оқиғаның негізінде, менің ойымша, қатардағы еңбек дауы жатыр - Қайрат Мәми

деп хабарлады Сенатының баспасөз қызметі.
Отырысты аша келіп, Қ.Мәми өткен жұма күні Жаңаөзенде болған оқиғаға тоқталды.
- «Өздеріңізге белгілі, 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Жаңаөзен қаласындағы жағдай талқыланып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, Қазақстан халқына үндеу жолдады»,-деді төраға.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Конституцияның 44-бабына сәйкес, Жаңаөзен қаласында Президент Жарлығымен төтенше жағдай енгізілген болатын.
- «Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның негізінде, менің ойымша, қатардағы еңбек дауы жатыр»,-деді төраға және ол «бірақ, осы әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ, саясаттандырып, қоғамдық тәртіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті бұзу әрекетіне әкеліп соқтырды. Менің ойымша, ол топ өздері тасада тұрып, буындары қатпаған, әлі ой-саналары толық қалыптаспаған жастарды қылмыстық әрекетке итермеледі», деді. Өкінішке орай, бірнеше адамның қаза тапқаны айтылды.
- «Заңдылықты, қоғамдық тәртіпті олай бұзуға ешқашан жол берілмейді», - деді Қ.Мәми. - «Жаңаөзенде болған оқиғаны ұйымдастырушылар мен нақты тәртіп бұзушылар қатаң жауапкершілікке тартылып, тиісті жазасын алады. Елбасының тапсырмасымен құрылған тиісті оперативті топ тексеру мен тергеуді ашық, әділетті жүргізеді. Қажет болса шетелдік эксперттер де қатыстырылады», - деді ол.
Сенат Төрағасы: «Мен жаңаөзендіктерді, ақтаулықтарды, бүкіл маңғыстаулықтарды сабырлылық сақтауға шақырамын. Отанымыздың тұрақты дамуының басты кепілі - елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылық. Соны біз әрқашан есімізде сақтауымыз керек»,-деді.
- Біздің әріптестеріміз Михаил Бортник және Бақтыбай Шелпеков елде болып қайтты. Олар 18 желтоқсанда Ақтау қаласында Ынтымақ алаңына шығып тұрған халықпен кездесті,-деді төраға. «Қажет болған жағдайда басқаларымыз да халық қалаулылары ретінде жергілікті халықпен кездесіп, оларды заңды сыйлауға, ел тыныштығын бұзбауға шақыруға әзірміз деп ойлаймын»,-деді ол.
Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты қарап, ратификациялады.
Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қызмет шарттары туралы Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық келісімді және 2009 жылғы 22 қазандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы екі ел үкіметтерінің келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң қабылданды.
Талқылау нәтижесі бойынша «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да қабылданды.
Сонымен қатар қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік сатып алу, жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобалары Сенат енгізген түзетулермен қабылданды.
Талқылау қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қабылданды.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында қор нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Қаралған заң жобалары бойынша депутаттардың көптеген сауалдарына білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, қаржы министрі Б.Жәмішев, экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Т.Сүлейменов, индустрия және жаңа технологиялар министрі А.Рау тиісінше түсініктеме берді.