Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаздың» 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
ЖАҢАӨЗЕН. KAZINFORM – Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) 60 жылдығына және Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің қалыптасуына 125 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, сала ардагерлері, компания қызметкерлері және басқа да қонақтар қатысты.

«Өзенмұнайгаз» АҚ тарихы 1964 жылы 15 шілдеде құрылған «Өзен» мұнай кәсіпшілігінен бастау алады. Содан бері кәсіпорын 60 жыл ішінде 400 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, Қазақстан мұнай саласының дамуына үлесін қосып келеді.
Салтанатты жиын барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде компанияның жетістіктеріне тоқталып, кәсіпорынның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге алғысын білдірді. Ол сондай-ақ елдің стратегиялық мақсаттары аясында компанияны одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.

«Өзенмұнайгаз» АҚ – Жаңаөзеннің негізгі қала құраушы кәсіпорны. Әлеуметтік жауапты компания ретінде ӨМГ қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларға, соның ішінде спорт кешендері мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы сияқты жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен қатар Тоқмақ (Қарақия ауданы) жерінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщытатын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бұрын Қаражанбас кен орнында ілеспе қабат суын тұщыту зауыты толық қуатына шыққан болатын. Бұл Астрахань-Маңғышлақ магистралды құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін босатуға мүмкіндік берді. Жалпы, ҚМГ аталған бастамалардың арқасында Маңғыстау облысы тұрғындарының қажетіне тәулігіне шамамен 70 мың текше метр көлемде ауыз суын босатады.

Одан бөлек, қалада 350 орынға арналған оқушылар сарайының құрылысы басталды, мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыттың іргетасы қаланған болатын.

Іс-шара соңында сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, еңбегі сіңген мамандарға марапат табысталды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.