Жаңаөзенде зардап шегушілер талап арыздарын қайтарып алғанымен бұл сот үдерісін жалғастыруға ықпал етпейді

Бұл туралы бүгін Жаңаөзенде орын алған тәртіпсіздіктерге байланысты өтіп жатқан сот мәселесіне қатысты Астанада ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында белгілі заңгер, ҚР Президенті жанындағы Азаматтарға рақымшылық жасау жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова мәлім етті.
«Жаңаөзендегі тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен қала тұрғындары өздерінің мүліктік талап арыздарынан бас тартып жатыр. Олар өздерінің азаматтық талап арызын қайтарып алғанымен, зардап шегуші жойылған мүлкін қалпына келтіру шағымдары тұрғысындағы жауапкершілікті мемлекетке жүктей алмайды»,-деді комиссия төрайымы.
Бұдан бөлек, аталған адамдар азаматтық талап арызынан бас тартқанына қарамастан бұл сот үдерісін тоқтатуға жатпайды. «Аталған қылмыстық іс бұқаралық болып табылады және осында айыптаушы мемлекет атынан шығып отыр. Сондықтан да талап арыздарын қайтарып алғандардікі тек азаматтық шағымдар болып табылады»,-деп тоқталды З. Федотова.
Оның сөзіне қарағанда, зардап шегушілердің әрқайсысы азаматтық талап арыздарын қайтарып алуға құқылы. Алайда, бұл сот процесін ары қарай жалғастыруға және жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жауапкершілікке тарту үдерісіне еш ықпал етпейді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Әлеуметтік әріптестік орталығы» қоғамдық қорының директоры Әлібек Бейнешевтің айтуынша, сот процесі барысында Жаңаөзендегі ойрандаушылардан опық жегендер айыптаудан емес, азаматтық талап арыздан бас тартып отыр. Жалпы Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істе 188 тұлға зардап шегуші ретінде танылған. Оның 155-сі тергеу амалдары барысында азаматтық талап арыз берген. Процесс барысында бұған дейін азаматтық талап арыз берген тұлғалардың кейбірі ғана өздерінің арыздарынан және наразылықтарынан бас тартқан.
Сонымен қатар айыптаушылар өртеп жіберген қазақ үйлердің иелері де талап арыздарынан бас тартып отыр. Оған қаланың бұрынғы әкімі О.Сарыбөпеевтің қазақ үйлер бүлінген жағдайда, әкімдік олардың шығынын өтеп беретіндігі туралы кепілдік міндеттемесі түрткі болған.