Жаңаөзенде жарылыс болған үйдің жағдайы бағаланады

ЖАҢАӨЗЕН.ҚазАқпарат – Жаңаөзенде болған жарылыстан үйіндіні шығару жұмысы жүріп жатыр. Содан кейін ғана апат болған үйдің жағдайы бағаланады. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңаөзенде жарылыс болған үйдің жағдайы бағаланады
Фото: t.me/qr_tjm

«Үй 1977 жылы салынған. 12 пәтерлі үйдің бір кіреберісі орталықтандырылған газбен қамтылған. Апаттық жағдайдағы тұрғын үй тізімінде тұрған жоқ. Үйдің жалпы ауданы - 621 шаршы метр. Қазір үйінділерді сұрыптап, тексеріп жатырмыз, одан кейін сараптама жасалып, тұрғын үйді қалпына келтіруге бола ма, жоқ па - соны анықтаймыз», - деп қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.

Жарылыстан зардап шеккен жақын маңдағы үйлерге жергілікті кәсіпорындар көмектеспек.

Бұл мәселе де комиссияның жұмыс отырысынан кейін анықталады.

Айта кетсек, бүгін таңертең Жаңаөзен қаласының 2-мөлтекауданындағы 2 қабатты үйде жарылыс болып, 13 адам зардап шеккен еді.

Зардап шеккендердің бірі жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген болатын.

Оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, барлығы 4 адам қаза тапқанын жазған едік.