15:48, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Жаңаөзенде жұмысшылардың жалақысы кешіктірілді
АҚТАУ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» ЖШС-нің 1700 қызметкері өткен жылдың қазан айынан бастап жалақыларын алмаған.
Ал бұған дейін мекеме жұмысшылары жалақының аздығына байланысты аштық жариялаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұрынғы наразылық акциясы «ҚазМұнайГаз» басшылығының тікелей араласуымен тоқтатылған болатын. Енді міне осы сынды оқиға «Бұрғылау» мекемесінде тағы қайталанды. Басшылық бұл жағдайдың мекеме есепшотында қаражаттың болмауынан орын алғандығын айтады. 5 айлық жалақыларына қол жеткізе алмай, дал болған жұмысшылар құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініп, жағдай жергілікті прокуратураның тікелей араласуымен шешілді. «Бұрғылау» мекемесінде тексеру жүргізу барысында оның жалақы бойынша 130 млн. теңге берешек екендігі анықталды. Осы заңбұзушылықты дереу жою мақсатында «Бұрғылау» мекемесіне ұйғарым беріліп, прокурордың талабы толығымен орындалды. Сөйтіп, 1 700 адамның конституциялық құқықтары қорғалды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда»,- дейді Жаңаөзен қаласының прокуроры Данияр Үсенов.Бүгінде Жаңаөзен қаласының прокуратурасы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды күнделікті тәртіппен атқаруда. Жыл басынан бері осы салада анықталған заңбұзушылықтар бойынша 4 ұсыныс енгізілген. Қазіргі уақытта олардың екеуі қаралып, 4 заңды тұлғаға 140 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.