13:07, 10 Шілде 2013 | GMT +5
Жаңаөзендік полицейлер қаруланған қарақшылар тобын құрықтады
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында полиция қызметкерлері жеке фирманың кеңсесіне шабуылмен кірген төрт күдіктіні анықтап, қолға түсірді.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Мәлім етілгендей, өткен айдың соңында беттерін тұмшалаған қарақшылар ғимараттың ішіне қарумен баса-көктеп кіріп, қоқан-лоқы көрсету арқылы үш күзетшінің қол-аяқтарын байлап тастаған. Одан кейін кеңсе директорының бөлмесінен ішінде 100 мың теңге мен мекеменің құжаттары болған сейфті алып кеткен.
Ұсталғандар 23-24 жас аралығындағы азаматтар, барлығы Жаңаөзен қаласының жұмыссыз тұрғындары, бұрын сотталмағандар. Қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер тұтқынға алынды.