15:45, 23 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Жаңаөзендіктер сайлауды талапқа сай өткізу үшін қосымша қаржы сұрады - ОСК
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының өкілдері Жаңаөзен қаласының сайлау комиссиясы үшін Орталық сайлау комиссиясынан қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, маңғыстаулықтар Жаңаөзенде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты онда түрлі жиындар мен митингілер өткізуге шектеу қойылғандығын айтуда. «Осыған байланысты ондағы кандидаттарға теледидардағы және баспасөз басылымдарындағы үгіт-насихат жұмыстарына көбірек көңіл болу керек болып отыр. Меніңше, біз бұл өтінішті қанағаттандыра аламыз. Қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясының резервінде оған қажетті қаржы бар. Сондықтан біз Жаңаөзенде де үгіт-насихат жұмыстары кең көлемде және талапқа сай өтуі үшін қолдан келгеннің барлығын жүзеге асырамыз»,-деді ОСК төрағасы.