Жанарбек Әшімжан Алатау халқы Президенттің бастамасын зор ықыласпен күтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында Алатау қаласының бас жоспарын жылдамдатып іске асыруды сұрады.
— Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында Алатау қаласының институционалдық негіздерін қалыптастыруды, сондай-ақ арнайы мәртебесін айқындайтын заң жобасын Парламент қарауына енгізуді тапсырды. Президенттің бұл бастамасы — өңір халқы мен Алатау жұртшылығына деген шынайы жанашырлық пен стратегиялық көзқарастың айқын көрінісі, — дейді депутат.
Сондай-ақ, ол Алатау қаласындағы өмір сапасын көтеру үшін бас жоспарды уақтылы жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.
— Үкімет қаланың бас жоспарын бекітті. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдету керекпіз. Сонымен қатар, қала құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, көптеген жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары кешігіп жатыр.
Оның ішінде, Заречный мен Жетіген елдімекендеріндегі аса зәру мәдениет үйлері, спорт кешені мен ауыз су жүйелеріне қатысты жобаларды тез арада жергілікті әкімдік дайындау тиіс.
Қаланың қажеттілігі үшін қайтарылған жер телімдеріне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар.
Бас жоспарға сәйкес, Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы тиіс.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселелерді жүзеге асыруы тиіс, — деді Жанарбек Әшімжан.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Алатау қаласына Үкіметке тікелей бағынатын арнайы құқықтық мәртебе беруді тапсырған болатын.