Жанармай бағасын реттеуден кету жемісін бере бастады – Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында жанар-жағармай бағасын ырықтандыру экономикаға қалай әсер еткенін айтты.

- Биыл экономкалық өсімнің динамикасы айтарлықтай жағымды. 5 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6 пайыз көрсеткенін білесіздер. Біздің пайымдауымызша, басты көрсеткіштің бірі – негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі. 5 айдың қорытындысы бойынша 18 пайыздан асады. Екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелендіру көлемі былтырғымен салыстырғанда 16 пайыздан асқанын жағымды көрсеткіш деп атауға болады, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, 5 айда ол жақсы өсім көрсеткен салаларды атады.
- Салаларға келсек, құрылыс саласында динамикалық өсім бар – 15 пайыздан жоғары. Көлік және қоймалау саласында өсім 23 пайыздан жоғары өсім бар. Қайта өңдеу өнеркәсібі 6 пайыз қарқынмен, сауда саласы 8 пайызбен өсіп келеді. Осы салалар динамикалық өсім қамтамасыз етіп отыр. Біздің ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, арттыру, - деді Олжас Бектенов.
Айтуынша, елдің жанар-жағармай өндірісіне инвестиция қайта орала бастаған.
- Менің пайымдауымша, жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шарасы жағымды әсері тигізіп жатыр. Жанармай бағасын ұзақ жылдар бойы мемлекет реттеп келгендіктен нарықтағы шынайы конъюктураға сай болмады. Үкімет бағаларды ырықтандыру жолына түсті. Бұл жұмыс қазірдің өзінде нәтижесін беріп жатыр. Инвестиция осы салаға біртіндеп қайта оралып жатыр. Өйткені бұған дейін бұл сала инвестициялық тұрғыдан тартымсыз болатын. Жеке бизнес мемлекет бағаны ырықтандыруға көшкенін көріп отыр, - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.