Жанармай бағасының өзгеруі тауар бағасына әсер етуі мүмкін — Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға қосымша қысым түсіруі мүмкін. Алайда Ұлттық банк үшін отынның тікелей қымбаттауынан гөрі, оның тасымал шығындары мен өзге тауарлар бағасына ықпалы маңызды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты. 

Жанармай бағасының өзгеруі тауар бағасына әсер етуі мүмкін — Ұлттық банк
Фото: Pexels

Оның айтуынша, қыркүйекте жанар-жағармай бағасының жылдық өсімі шамамен 10,4-10,5% болған. Ал қазанда бұл көрсеткіш 8,4-8,5%-ға дейін төмендеген. Бұған өткен жылдың қазан айындағы отын бағасының едәуір өсуі салыстыру базасынан шығуы да әсер еткен.

Ол жанармай бағасының өзгеруі тұтыну себетіне тікелей әсер етумен шектелмейтінін атап өтті. Бензин мен дизель тасымал құнына ықпал етеді. Ал логистикалық шығындардың артуы басқа тауарлар мен қызметтердің бағасынан көрінуі мүмкін.

— Біз үшін бағаның тікелей үлесінен гөрі, оның басқа салаларға тарайтын жанама әсері маңызды, — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, реттеуші бензин бағасының өсуіне базалық мөлшерлеме арқылы тікелей жауап бермейді. Негізгі назар жанармай қымбаттағаннан кейін өзге тауарлар мен қызметтердің бағасы қалай өзгеретініне аударылады.

Ақылжан Баймағамбетов жанармай құнының өсуін келесі жылға арналған инфляциялық тәуекелдердің бірі ретінде атады.

Сонымен қатар ол Қазақстанда жанармай өндірісінің тиімділігін арттыру, отандық өндірушілерді ққажетті шикізатпен қамтамасыз ету және саладағы мүдделер теңгерімін сақтау маңызды екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін, бензин өндірісінен бастап тұтынушыға дейінгі бүкіл процесс тексеріліп жатқанын жазған едік.