Бензин өндірісінен бастап тұтынушыға дейінгі бүкіл процесс тексеріліп жатыр – Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Бензин өндіруден бастап оны түпкілікті тұтынушыға дейін өткізуге қатысты барлық технологиялық және логистикалық процеске аудит жүргізіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

жанармай, газ бағасы
Фото: Kazinform / Freepik https://www.inform.kz/ru/tseni-nabenzin-dizel-iavtogaz-vkazahstane-2d01793f

- Қолданыстағы заңнамада автомобиль отынына қойылатын талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау тетіктері, оның ішінде бақылау мақсатында сатып алу, үлгілерді іріктеп алу, аккредиттелген зертханаларда сынақ жүргізу, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер көзделген, - деді ол.

Үкімет басшысының атап өтуінше, мұнан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабының бірінші бөлігінде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығарғаны үшін жауапкершілік көзделген. Ал ӘҚБтК-нің 281-бабының бесінші бөлігі кондициялық емес мұнай өнімдерін өткізуге және оларды кейіннен қайта өңдеусіз сақтауға жол бергені үшін жауапкершілікті, оның ішінде мұнай өнімдері мен одан алынған кірістерді тәркілеу мүмкіндігі қарастырылған.

- Отынның белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда кінәлі тұлға мемлекеттік бақылау және зертханалық зерттеулер нәтижелері негізінде айқындалады. Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанармай құю станцияларында 76 бақылау іс-шарасын, оның ішінде жоспардан тыс тексерулер, профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асырды. Мұнан бөлек, солтүстік өңірлердегі тұтынушылардың өтініштерін ескере отырып, Энергетика министрлігі, Техникалық реттеу және метрология комитеті, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «KAZENERGY» қауымдастығы, бейінді зертханалар және «Мұнай, мұнай өнімдері және жағармай материалдары» стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің өкілдері қатысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру мен өткізу тізбегінің барлық кезеңі бойынша көшпелі тексерулер жүргізіліп жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, ведомствоаралық комиссия бензин өндіруден бастап оны түпкілікті тұтынушыға дейін өткізуге қатысты барлық технологиялық және логистикалық процеске аудит жүргізіп жатыр. Аудит қорытындысы бойынша отын айналымының сапасын бақылауды күшейту жөнінде қажетті шаралар әзірленеді. Сонымен қатар мемлекеттік бақылауды одан әрі күшейту және мұнай өнімдерінің сапасын қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында Құрылтай қарауына техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мәселелері қатысты заң жобасы енгізілген. 

Құжатта мемлекеттік бақылау нысандарының бірі ретінде тергеп-тексеру тетігін енгізу көзделген. Бұл анықталған сәйкессіздіктердің себептерін анықтауға және өнімнің жеткізілімін өндірушіге немесе импорттаушыға дейін қадағалауға мүмкіндік береді.

Бақылау тетіктерін күшейтумен қатар оның нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтынушыларды ақпараттандыруға да ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жүргізілген тексерулер, анықталған бұзушылықтар және қабылданған шаралар туралы ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдар ресми ақпараттық ресурстарда орналастырады және ол көпшілікке қолжетімді.

- Қолданыстағы ақпараттық ресурстарды дамыту аясында мемлекеттік органдар аталған мәліметтерді одан әрі жүйелеу, оларды орналастыру форматын жетілдіру және тұтынушылар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді, - деді ол.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз бензин салдарынан көлік бұзылғанда шығынды кім өтейтінін айтқан еді. 

Сонымен қатар оның мәліметінше, алдағы уақытта жанармайдың әр партиясы QR-код арқылы қадағалануы мүмкін.