Жаңартылатын энергия: бес кәсіби стандарт жобасы дайын

АСТАНА.KAZINFORM — Кәсіби стандарттарды әзірлеу Премьер-министр Олжас Бектеновтің жасанды интеллект компоненттері мен цифрлық құзыреттерді қамтитын 100 кәсіби стандарт әзірлеу және бекіту жөніндегі тапсырмасы ескеріле отырып жүргізіліп отыр. 

Жаңартылатын энергия: бес кәсіби стандарт жобасы дайын
Фото: Энергетика министрлігі

29 қазанда Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері саласындағы Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңесінің отырысы өтті.

Жаңартылатын энергия көздері саласында алғаш рет кәсіби стандарттар әзірленіп жатыр. Салаға, технологиялық үдерістерге және еңбек нарығының қажеттіліктеріне жүргізілген талдау негізінде кәсіптер атаулары айқындалып, күн және жел энергетикасын, сондай-ақ жасыл сутекті электрохимиялық өндіруді қамтитын бес кәсіби стандарттың жобасы дайындалды.

Жобалар күн және жел электр станцияларын жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану және техникалық қызмет көрсету салаларындағы мамандарға, сондай-ақ жасыл сутек өндіру бағытындағы мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді.

Кәсіби стандарттарды әзірлеу Премьер-министр Олжас Бектеновтің жасанды интеллект компоненттері мен цифрлық құзыреттерді қамтитын 100 кәсіби стандарт әзірлеу және бекіту жөніндегі тапсырмасы ескеріле отырып жүргізілуде.

Жаңартылатын энергия көздері саласына арналған жобаларда энергетиканы цифрлық трансформациялауға қатысты талаптар, оның ішінде цифрлық мониторинг жүйелерін, автоматтандырылған басқаруды, өндірістік деректерді талдауды және жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелері қамтылған.

Отырысқа қатысушылар 2027–2029 жылдарға арналған жаңартылатын энергия көздері саласындағы біліктіліктер мен дағдылар жүйесін дамыту жөніндегі салалық жоспарды да қарады. Жоспар саланың перспективалық қажеттіліктерін ескере отырып, біліктіліктерді дамытуға және кадрлар даярлауға бағытталған.

Алдағы уақытта бес кәсіби стандарттың жобасын көпшілік талқылауы үшін «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына орналастыру жоспарланып отыр.

Айта кетелік Қазақстанда энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқарту жоспарланып отыр.