Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесі БАӘ-де талқылануда
Ал қазақстандық тарапты ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник бастап барды. Шара аясында еліміздің Энергетика министрлігі мен жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттік әріптестік туралы меморандумға қол қояды деп жоспарлануда.
«Баламалы қуат көздерін дамытуда еліміздің әлеуеті жоғары. Бізде күннен, судан, желден энергия өндіру көрсеткіші белгіленген. Айта кетейік, 2020 жылға қарай өндірілетін энергияның 3%-ын осы баламалы қуат көздері құрауы тиіс. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10%-ға жетуі керек. Сонымен қатар алдағы уақытта атом энергетикасының дамитындығын ескерсек, 2050 жылы өндірілетін энергияның тең жартысын жаңартылатын қуат көздері болу қажет» - деді ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник.
«KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауовтың айтуынша, жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастық еліміз үшін өте маңызды. Бұл ұйымның мол тәжірибесінен біздің үйренеріміз көп. Себебі сарапшылардың пікірінше, 10 жылдан кейін баламалы қуат көздері энергияның дәстүрлі түрі секілді бәсекеге қабілетті болады.