Жаңартылған энергия көздерін дамытуда Жетісудың мүмкіндігі мол

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің сайтында хабарланды.
Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жасады. Баяндамашы облыс табиғатының мүмкіндіктері осы саланы дамытуға аса қолайлы екенін айта келе, алпыстан аса перспективалы жер учаскелері мен Шелек жел дәлізі, Жоңғар қақпасындағы жел электр стансалары қарастырылып отырғанын жеткізді. 2008 жылдан бері бағдарлама аясында жалпы қуаттылығы 324 МВт болатын Мойнақ су электр стансасы, 7 шағын су электр стансасы және 1 күн электр стансасының құрылысы жобалары іске асырылды.
Облыстың жаңартылған энергия көздерінің әлеуеті жүзеге асырылған жобаларды қоса алғанда жалпы қуаты 74 ,4 МВт құрайтын 17 су электр стансаларымен және 2 МВт күн электр стансасымен белгіленген.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде сыртқы энергия көздерінің электр энергиясын пайдалану көлемі 44 проценттен 33-ке азайған. Жасыл энергетиканың пайдалану көлемі 16,6 проценттен 27-ге артты.
Дегенмен, облыстың жеке электр энергиясы өңірдің жылына 3 млрд. кВт\сағ тұтыну көлемін қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан жалпы қуаттылығы 496 МВт болатын 38 бірінші кезекте жаңартылған энергия көздерінің тізімі бекітіліп, орындары белгіленген. Бұл меже 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Жиын алдында фойеде отандық екі жел электр стансасының құрылғылары келушілер назарына ұсынылды. Оның біріншісі - қуаты 1 МВт болатын Жоңғар қақпасындағы күшті желге негізделген «Эко Ватт» ЖШС-ның инновациялық жел турбинасы. Оны бұдан әрі өндіріске енгізу қаржыландыруды қажет етеді.
Ал Бутуков жел қондырғысының өндірісте пайдаланылуы үшін облыстық бюджеттен 160 млн. теңге. бөлінді. ҚР-ның «Жаңартылған энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңының жаңа редакциясына сәйкес сатып алушыға құнының 50 процентін өтеу қарастырылған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, алдағы уақытта оларды шалғай жатқан мал жайылымдары иелерінің неғұрлым көптеп қол жеткізуіне жағдай жасау көзделген.
Осындай мәліметтерден кейін С. Тұрдалиев аудан, қалалар бойынша осы саланы дамытудағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралап берді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Мұсаханов тиісті сала басшыларына бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын жандандырып, облыстың ЭКСПО - 2017-ге өз деңгейінде қатысуы үшін барлық шараларды қабылдауды, гидро-, жел- және күн электр стансалары құрылысы жобаларының уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, бағдарлама бойынша нақты инвесторларды тартуды, жоспарланып отырған электр стансаларында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында инфрақұрылым нысандарын салуды тапсырды.