Жаңартылған Конституцияда халықтың ерік-қалауы басты орынға қойылған – Снежанна Имашева

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Маңызды шешімдер енді азаматтардың қатысуымен ашық түрде қабылдануда.
None
None

Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы екі жылда Парламент Мәжілісінде еліміздің заңнамалық актілеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетін көптеген түзету енгізілді. Бүгінде заң шығару процесіне көптеген азамат мен үкіметтік емес ұйымдар атсалысуда. Заңгерлер мен құқықтанушылардың ғана емес, қоғам пікіріне де көп көңіл бөлінуде. Конституцияға соңғы түзетулер 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Ол референдум қазақстандық қоғамның жаңартылған Конституция арқылы басталған жаңа реформаларды қолдайтынын көрсетті. Ата заңға өзгерістер енгізілуіне қатысты сындар да айтылды. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері Ата заң жағдайға қарай немесе ықпалды саяси күштердің қалауы бойынша өзгермеуі керек деген де пікірлер айтты. Мұндай пікірлермен келіспеуге болмайды», - деді Снежанна Имашева елордада Конституция күніне орай өтіп жатқан конференцияда.

Сот-құқықтық реформа комитеті басшысының мәлімдеуінше, Ата заң мемлекеттің тұрақты дамуының мызғымас негізі болып, азаматтардың сұранысына сай келуі керек.

«Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Маңызды шешімдер енді азаматтардың қатысуымен ашық түрде қабылданып жатыр. Елімізде жүргізілген конституциялық реформалардың қоғамды демократияландыруды, халық билігінің негіздерін одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру жөніндегі негізгі қоғам сұраныстарын ескерді. Қазір еліміз жаңартылған Конституция аясында, халықтың ерік-қалауы басты орынға қойылған әділетті әрі жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатыр», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада 30 тамыз Конституция күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы» - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.

Аталған шараны Парламентаризм институты мен ҚР Парламенті Мәжілісі бірлесіп ұйымдастырды. Оған Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар