Жаңаша тарих қалай жазылады?

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қазір зиялы қауым арасында екіұдай пікір бел алуда. Бірі, стратегиялық пайымға әлі ерте дейді; екінші топтағылар: қазақ қоғамы, яғни мемлекеттік жаңа құрылым қалыптасу кезеңінде дейді. Стратегиялық пайымға әлі ерте дегенге сену қиын. Неге дейсіз ғой!
None
None

Қазақы ұғымға салып сөйлесек: стратегиялық пайым - келешек көкжиегіне күн сала қарау деген сөз. Ұлт болып қалыптастық, тәуелсіз мемлекет құрдық, тарих көшіне ілестік, планетадағы қайсыбір ұлт пен ұлысқа ұқсап торғайдай тозып кетпеппіз... Енді неге келесі онжылдық, ширек ғасыр көлемінде ұлы көштің қандай қоналқаға қонарын, нендей кеп шертерін болжап, біліп алмай - көшке ілесе беруіміз керек. Келешек барар жерімізді межелеп, елестетіп алғанымыз ауадай қажет-ақ. Сол себепті тап бүгін алды-артымызға қарап, ертеңгі барар жерімізді ойша барлап, көз жеткізер стратегиялық пайымға жүгінгеннің еш артықтығы жоқ. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жаңаша тарих қалай жазылады?» тақырыбымен беріліп отыр (авторы - жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжан).

Тәжірибе бұрын болған. Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш лидерлері бастың аяқ, аяқтың бас болып былыққан сонау ХХ ғасыр басында-ақ қазақ қауымының келешегін ойлап, біздің мемлекеттік шекарамыз мына тұстан өтуі керек... Біздер Ресей федерациясының ұсақ бөлшегі болмай, өз алдымызға республика дәргейінде, тең құқылы ел болып біріккеніміз жөн... Мынадай стратегиялық межеміз сызулы деп қызыл төңкеріс көсемдерінің көзін жеткізді, иландырды, дамудың демократиялық жолын сызып көрсетті. Бұл күнде көзге топырақ шашып, кешегінің бәрін үр-рит-соқпен төндіре жамандаудың қажеті болмас. Тең құқылы ұлттық республика дәргейінде Ресейге өз еркімізбен қосылуды кімдер өліп-өшіп қолдағанын білеміз. Одақтас республикалар дәрежесінде ғана мемлекеттің бірігуіне қарсы болып, үлкен пәтуалы іс пен сөздің аяғын сиырқұйымшақ қылып, демократиялық негізде құрылған КСРО-ны - ұртоқпақ империяға кімдер айналдырып жібергенін тағы білеміз.

Бұл үшін алабөтен данышпан болудың қажеті жоқ. Тек қана өткен ғасырдың 20-30-жылғы деректік құжаттарына ыждағатпен үңілсек жетеді. Сол себепті бізге стратегиялық пайым ауадай қажет. Ел болып етек жидық, еңсе көтердік, енді неге жиырма, отыз жылдан кейін өркениет көшінің қай тізбегінде болатынымызды болжап, мөлшерлеп, пайымдап алмасқа. Бұл реттегі зия­лы қауымның келешекті ойлаған болжал-білігін жүрек төрінде ұстаған ләзім.

Осындайда ойдан ой туындайды. Жасыратыны жоқ, біраз кісілеріміз тәуел­сіздікті- ағаш қуыршақ - буратиноға айналдырып алды. Кез келген жерге, кез келген ойынға тықпалауға әуес. Ал, қазақ үшін тәуелсіздіктің ақ таңы атты делік, аспаннан шұға жауды делік. Ал, ата-бабасынан Қазақстанда тұратын татар, ұйғыр, орыс, украин, өзге де переселендер үшін тәуелсіздік ұғымы, тәуелсіздік күні не берді?.. Қазақ жеріндегі орыстарға тәуелсіздік нендей пішімде көрініс табады. Олар бүгін «ал, қазақтар, сендерге тәуелсіздік таңы атқан екен, біздер орыстар - күні ертең шүу қарақұйрық деп тарихи отанымызға көшіп кетелік» демейді ғой. Сол баяғы ұрпақ өрбітіп, от түтеткен жерінде отыра береді. Өркениет үдерісі асау өзендей алқын-жұлқын кимелеуі бөтен. Домалақ жердің адам аяғы баспаған ұлтарақтай жері қалмады. Ақ үйдегі өтіп жатқан мәжілісті сол заматында отбасындағы телеэкраннан көре аламыз. Сонда деймін ғой. Тәуелсіздік дегеніміз: шығысымыздан батысымызға дейін көктеп өтіп жатқан Батыс Қытай - Батыс Еуропа тас жолы; есігімізге кимелеп келген инновациялық даму; ЕҚЫҰ саммитінің дүркіреп өткен тарихи кезеңі мен күні ертең сән-салтанатымен өтетін ЭКСПО-2017 екен; тәуелсіздік дегеніміз - Қазақстанда түтін түтетіп тұрып келе жатқан түрлі ұлттың бір атаның баласындай, көршілік қақысын ұмытпай тату-тәтті тіршілік кешуі көрінеді. Сол себепті ертеңгі күнімізді, ел болып еңсе тіктеп кетудің жолын ойлауды баяғы бабаларымызға ұқсап биікке шығып алып, арғы-бергіге көз салып қарағанның қашанда жөні басқа демекпіз.

Маңайымызға ақыл көзімен қара­лық­шы. Төрткіл дүниеде дамудың АҚШ-тық моделі бар. Ол-дағы қырық рулы ел. Дүниенің төрт бұрышынан біреу күн­көріс іздеп, біреу абақтыға отырудан қашып, келесісі баю жолын көздеп, жеңіл өмір сүруді ойлап басы құралған, мың мүдденің бір арнаға тоғысқан тұсы. Арғы тегі келім­­сектер отбасы. Сол ел бұл күндегі өркениет көшінің тізгінұстарымыз деп төбемізден қарап, мұрын шүйіріп тілдеседі. Барша гәп - әлгі көштің дұрыс, ұзағынан, адаспай жүріп кетуінде екен. Бұл күнде көп­ұлттылық - даму критериі емес; даму, өсу, өркендеу мәні - тату-тәтті өмір сүру һәм дұрыс, төте жолды таңдай білуде ғана!

Ендеше, дамудың, өркениет көшіне ілесудің қазақстандық моделі неге бол­м­ас­қа. Кімнен кембіз? Қоғамның эко­но­микалық көрсеткіші біркелкі, біртекті емес; толқын-толқын болып қайта айналып соғатын дағдарыстан жалт беріп құтыла алмаймыз. Ағылшынға, неміске соққан нәубет ертең бізге де соғады. Саяси ахуал шырма-шату, кілтипанын тауып екі ел арасындағы түйткілді ше­­шіп үлгерсең, арғы жағынан үшінші, төр­тінші ел: «Бізбен қалайсың?» - деп төбе қылтитады. Иншалла, алпауыттармен көз алартпай, тізе түйістіріп отырып шүйіркелесетін халге жеттік. Қазақтың маржандай ті­зіл­ген, кемпірқосақша сүзілген тірі сө­зі­нің ағылшынша аудармасын мұхит­тың арғы қапталындағы оқырман оқып риза болысады. Тоқетері: мәдени, саяси, эко­номикалық сең бұзылды, тұйықталу жоқ. Ауыл арасының әләулайын созып айтып, өз буына өзі пісіп, баяғыша қой бағып, айран ішіп, су ішкілігін әзер айыр­­ған қазақтан гөрі - бәсекеге қабілетті бо­­лудың жолын ойластырған қазекем көрікті.

Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел, деп хакім Абай айтқандай, аяңдап әңгіменің тоқетеріне келе жатырмыз. Тоқетері: бұл қазаққа өзін-өзі сақтап қалудың жолы қайсы. Ол жол көп пе, әлде аз ба? Жол ұзақ па, әлде қысқа ма? Қайсы жол төте, қайсы сүрлеу сүріндірері мол бұралаң, қисық? Екі мың жылдық тарихы хатқа түскен халқымыздың өткен-кеткен тарихын бір жобаға түсіріп, қазақ этносының қалыптасуын көз алдыға елестетерліктей етіп, түркі қыпшақ жұртының таралу аймағын айқындап, орта ғасырдың о жақ, бұ жағында болған оннан астам мем­лекеттік құрылымдардың құрылуы, дәуірлеуі, ыдырауы туралы толымды зерт­теулер жазылып жатыр. Бұл жолдағы тарих­шылар еңбегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

Рас, әлгі мемлекеттік құрылымды жеке-жеке қарастырып, қалың-қалың кітап жазып елге танымал болған тарихшы жүрек төрінде. Үйсін, қаңлы мемлекеттік құрылымы қашан шаңырақ көтерді, не себептен әлсіреп, ыдырап, аяғы құрдымға кеткені туралы зерттеулер баршылық. Оғыз мемлекеттік құрылымы туралы толымды зерттеу жазылды. Ертіс бойындағы қимақ мемлекеттік құрылымы жайлы зерттеуді оқып жүрміз. Әрісі Дешті қыпшақ, берісі далалықтар тарихы біраз жазылды. Қарахан хандығы, Беғазы-Дәндібай дәуірі, Тоқтамыс хан, Орысхан орнатқан ордалар біршама зерттеліп бітуге айналды. Ата сақалы аузына түскен үлкен тарихшыларды төрге шығарсақ, әлгі айтқан сүбелі зерттеулерге азды-көпті қаламгерлік үлесін қосқан жазушыларымыз бір төбе.

Бұл жерде пәлен аса көп зерттеді, түген мынадай төрелі, терең кітап жазды, тарих ғылымын Ұлы Жібек жолының таптаурын сорабынан шығарып өзіндік пайым ұсынды, мың жылдық тарихтың көрпесін көтерді деп бір-бірімізге көпшік қойып жатудың қажеті болмас. Істеуге тиіс шаруа­ны айтып, алдағы тізгін түйістірер кезеңді болжайық.

Бірінші: Қазақстанның бүгінгі жаңаша тарихы жазылар кезең алда. Осынау жаңаша тарих жазылар болса - екі мәселе көзден де, көңілден де қалыс қалмаса дегіміз келеді. Ол екі жайттың бірі: жаңа әлемдік тәртіп; екінші: сол әлемдік тәртіптегі Қазақстанның ахуалы.

Жаңа тарихта түркі тұқымдас халық­­­­тың славяндарға ықпалы, сіңуі, бірігу­­шілігі терең талаппен жазылғаны ләзім. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеудің беделді баспасынан «Түркілік орыс тұлғалары» атты зерттеу кітабы шыққан. Сол кітапта Менделеевтен бастап Ло­ба­чевскийге дейін біраз ғалымдардың ген­дік түзілімі келтірілген. Жоғарыда айт­қан сіңу мен бірігушілік метаморфозасына әлгі зерттеу толымды дәйек болар еді.

Келешек жазылатын жаңа тарихта көшпенді (номад) мен отырықшы бабаларымызды бір-біріне қарсы қойып, бір-бірімен алакөз болып өтті деген түсініктен ада-күде ат құйрығын үзетін болсақ. Әлгі түсінік - бөлшектенудің басы. Бөлшек­тенгенді бөрі жейді. Тарихтан мәлім, Сырдария, Ертіс, Шу, Есіл секілді ұлы өзендердің бойында ілкі заманнан қорған тұрғызған, егін салған, сауда-саттықпен айналысқан отырықшы бабалар жүрді, ал кең жазира жапан түзді төрт түлік малының қамын ойлаған аталарымыз жайлады. Бір-бірімен тығыз байланыс­та өмір сүрді. Құдандалы, жекжат, ағайын аталды. Енді келіп осынау сулы өзен бойын жайлаған қазақтарды жапан далада мал баққан қазақтарға қарсы қойып, олар ғасырлар бойына бір-бірімен жауласты, күресіп өтті деуіміз - қолдан жасалған қате түсінік. Еуропалық, үй ішілік, сарайшыл тарихшылардың әрісі сақ, берісі қазақ тайпаларына қасақана жапсырған жамау әрекеті, бір-бірін көре алмай, күндесше, қысас пиғылда өтсін деген айла-шарғысы. Айла-шарғыдан шыққан қате пайым.

Баяғы Ұлы Жібек жолының шаңдақ сорабымен көшке ілескен жетім тайлаққа ұқсап жұртқа мәлім таптаурынмен желе жортып кете беруге тағы болмас. Жаңа пайым, тың тұжырым ғана кітапты оқылықты етеді. Мысалға, Қазақстанның жаңаша тарихына тарау-тарау етіп кешегі кеңестік жүйенің ыдырауын, сосынғы жағаны ұрған дарияның толқынындай геосаяси дағдарысты, сол дағдарыстан шығу жолын баяндай берудің пәлендей қажеті болмас. Себебі, геосаяси, немесе дүниелік дағдарыс бір есіктен еніп, келесі есіктен шығып кететін шаншу желі емес. Әлемдік болжалшының айтуынша, дағдарыс қайта айналып соғып отыратын қатер, одан құлан таза құтылу жоқ. Алып елдер мен майда мемлекеттер бір-бірімен тығыз байланыс­та дамиды. Бір сөзбен айтқанда, дария толқынына ұқсайды деп тұрғанымыз содан. Сосынғы кеңестік жүйенің ыды­рауы туралы том-том зерттеулер бар. Бір ғана Збигнев Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» неге тұрады. Таптаурын жолмен жорта бермей деп тұрғанымыз содан. Жаңа тарих жаңа сөзімен, тың пайыммен оқылықты болмақшы. Жаңа сөз - Еуразия кеңістігінде, Еуропа мен Азияның түйісер тұсында баяғы мұхит тереңін жарып шыққан жаңа Атлантида еліне ұқсап - еш елге, еш сая­си ағынға ұқсамай, өзіне тән бірегей бітім-болмысымен, өзіне тән мінезімен, лайықты стихиясымен Еуразия кеңістігінде Л.Н.Гумилевше айтқанда, мұхит тереңін тесіп шығып, ғайыптан пайда бола қалған жасыл аралдай жаңа ел Қазақстан барша саяси, экономикалық бітім-болмысымен көрінгені ләзім. Үшінші онжылдық зиялы қауым үшін үлкен сын. Арнасы асау өзеннен өткендей ахуал болмақ. Уақыт, бейне сусыған құм, бірқалыпты, біртегіс өтпеді. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жанталаса қимылдаған, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып қызыл төңкерістің бет шарпыған от жалынына күйіп кете жаздап жүріп: а) ұлтының келешегі үшін өз алдына конституциясы бар, тең құқылы республика дәрежесінде Ресей Федерациясына еркімізбен қосылайық деп, ә) өз алдымызға төте жазу - алфавитіміз болсын деп, б) өз тізгінімізді ұстайтын үкімет құралық деп, қызыл төңкеріс көсемдерінің қабылдауына кіріп, айтысқанмен айтыс­­­­қан, тартысқанмен тартысқан алаш лид­ер­лерінің іс-қимылын көзге елестетіп көрелік­ші. Өзін-өзі сақтап қалудың ол кездегі жалғыз жолы осы еді. Бұл жол бізге әрдайым үлгі-өнеге.

Аралықта ғасыр өтті. Мемлекеттік жаңа құрылым - қазақстандық модель жасалып жатты. Сілкінетін сәт туды! Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп асқар ала тау мен жазира даланы қорғап жанпида болған бабалар аруағын тірілтіп, еңсені түзейтін уақыт келді. Тарих, бейне, жағалауды дамылсыз қапқан толқын мінезді. Ғасырлар бойы қазақ этносының қалыптасуын бастан өткердік. Түркі қыпшақ ұлысының таралу аймағын белгіледік. Жаңадан пайда болған мемлекеттік құрылымдар ашық мұхитқа шыққан мұзтау секілді: бірі тереңге батып, келесісі арыстан жалданып жүзуге бет алды. Ыдырау мен нұсқалану кезек алмас­ты. Өзімізді-өзіміз сақтап қалудың жолын қарастырар кезең келді.

Бұл үшін ең алдымен екі жайтқа жауап іздеген ләзім. Бірінші: тап бүгін өркениеттің қандай сатысындамыз? Екінші: бәсекеге қабілеттілік деген не? Осы екі сауалға нақтылай мысалмен жауап бере алсақ қана алға жылжимыз.

Қоғамның экономикалық сатысы жерге қарарлықтай жаман емес. Еліміздің саяси ахуалы бір ізге түсіп, биікке өрлеп барады. Байырғы автохтонды қазақтар мен кейіннен келіп қоныстанған өзге этностық топтың тіршілігі тату-тәтті. Бұл ретте байырғы ұлт-қазақтар біріктіруші, ұйытқы рөлінде сахнаның бас кейіпкері. Бейне жылы ағыс - гольфстрим секілді кейіннен келіп қоныстанған басқа этностық топтарды бауырына алып, бойына жылу дарытып, бір атаның баласындай ауызбірлікпен өмір сүруге дағдыланды.

Бұл Еуразия кіндігінде, көне Ұлы Жі­бек жолының бойында, батыс пен шы­­­ғыс­та сауда экономикалық байланысты дә­некерлеуші Қазақстанға үйлесімді тәртіп.

Ұлт пен ұлыстың ұйытқысы болу - мәртебелі мінез. Кешегі бабаларымыз бас­тап берген ақсақалдық жол.

Қазақстанның саяси сатысы мығым, орнықты. Барометрі - шетелдік компа­ниялардың инвестициялық қаржы салуының жылдан-жылға артып келе жатқандығы. Еліміздің мәдени ахуалы бармақ шошайтып көрсететін елдермен тізгін қағыстыра алады. Суретші сюрреалист Ерболат Төлепбайдың жеке қөрмесі Париждің Лувр сарайына қойылды, Марат Бейсенғалиевтің скрипка үні АҚШ-тың әйгілі метрополитен тыңдаушыларын ұйытты, өзге де өнер саң­лақтарымыз Лондон, Рим, Берлин көрер­мендерін тебірентіп өткені қуантады. Тірі сөз өнеріміз шаппай бер бәйгеден дәмелі.

Аяңдап бәсекеге қабілеттілігі дегенге келейік. Бәсекеге қабілеттілікті жылма-жыл Лозаннадағы менеджмент институты өлшеп-пішіп, таразылап отырады. Сол институттың пайымынша, ең әуелі елдің бәсекеге қабілеттілігін адам факторы арқылы анықтайды. Адам факторын сауатты, сауаттылықты өзгеге үйрете алатын және өзінің білімін ғылыми жаңалық ашуға жұмсайтын деп үш топқа бөледі. Біздер екінші топтағы сауаттыға жатады екенбіз. Бір секірсек үшінші деңгейге шығатынымыз кәміл. Білім және ғылым министрлігінің есебінше Қазақстан - жоғары оқу орны көп елдер қатарына жатады. Біраздан бері жаппай ұлттық тестіге көштік. Ғылым кандидаты деген деңгей жойылып, бірден ғылыми жаңалыққа жол ашатын докторлық дәрежеге жол ашылды. Нарық заманы жеке тұлғаның, белгілі бір субъектінің, фирманың, компанияның бәсекеге қабілеттілігінен бас құрайды. Біздегі бір кемшілік: стратегиялық зерттеу­лер институты тап осы бәсекеге қабілет­­­тілікті жүйелі түрде емес, жеке-жеке субъект рөлін алғы межеге шығарып, бөлшектеп қарастырып келеді. Сонда дейміз ғой!

Өзімізді-өзіміз сақтап қалудың жолы қайсы? Мына килігіп келген қым-қуыт, ызың-шуы құлақты кесетін, саяси ойын­ның нешеме атасы қаулап шыққан, ортасы шүңейттеніп жататын қан базардың көрінісі секілді жаһандану процесінің құламасына кезігіп - көп жаңқауықтың бірі болып толқынға жұтылып, жоғалып кетеміз бе! Әлде алпауыт елдерге ілесіп өз бағыты, өз құрылымы бар зайырлы мемлекетке айналып үлгереміз бе!

Көшбасшымыз тізгінді қатты ұстады: елорданы көшіруден бастап 2030, 2050 стратегиялық межеге дейін қаншама қиындықты көрдік, нешеме адам айтқысыз бейнет шектік, не түрлі ойлы-қырлы қайшылықты жолдан өттік. Самайға қырау түсті, маңдайға әжім сызылды. Испан тілінде жазатын жазушы Пауло Коэльо әне бір жылы Алматыға келгенде: «Өлмеген құлға өлі балық кездеседі дегенді естіп едім, өз басым Еуразия кіндігіне орнаған алтын балық секілді елді көрдім», - деп жазған еді. Бұл аз десеңіз, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО - 2017-ге белді буып кіріскелі тәуекел еттік. Бұл аз десеңіз: АӨСШК-ден Әлемдік діндер форумын өткізетін пәтуалы елге айналдық. Дуалы ауыз дінбасылар құла түз жазира даланың төсіне орнаған, дөңбекшіген бұлтқа оранған ақшаңқан қаланың ашық ауасын, пейілі кең адамын әлі аңыз ғып айтып жүр деп естиміз. Иә, тапқан-таянғанымызды қалтаға басып, өз қотырымызды өзіміз қасып: «А, құдая, көрсеткеніңе шүкір!» деп отыра беруге болатын еді. Көшбасшымыз таңдаған өз-өзімізді сақтап қалудың қайсар бағыты көзімізге әлгіндей болып елестейді. Көңілге тоқшылық ұялайды.

Баяғыда тарихи «Жібек Жолы» романын жазар алдында біраз сауал көлденеңдеді. Ал Сырдария толқып ағып жатқанда жағасына орын тепкен бірер қаланы құлпыртып суреттейін. Ал Шыңғысхан ғаскерінің бір қанаты қарсы алдында қоқырайған қорғанды қирата алмай алты ай бойы әлекке түссін. Ал Ошақбай батыр мен Шихи Құтуху нойонның жекпе-жегін төгілдірейін... Айналып келгенде романның негізгі нысанасы - жортып өтер сай үшін, жетекте жүрер тай үшін екі елдің батырлары өліп-өшіп қырқысып жатпақшы ма!.. Жоқ... тарихи шығарманың түпқазық идеясы - ауызбірлігі жоқ, бақталасы бықсыған ел азады, бөтеннің байлығына қызыққан қолбасы айналып келгенде торғайдай тозады дегенді меже тұттық. Сол себепті, шығармаға қосымша, ойдан шығарылған кейіпкерлер қосылды. Айналып келіп роман тарихи философиялық бояуға молықты. Батальдық ұрыс-керіс азайып, алғы межеге ел болып етек жабудың қарекеті шықты. Шығарманың қағазға түскеніне қырық жылдан асса-дағы әлі күнге әлсін-әлсін қайта басылып жүр­генінің себебі - оқиға баяғы ауыл ара­сы­ның ұрыс-керісінің аясында қалмай, кейіп­кердің неге жер болып жеңіліс таптық деген сауалға жауап іздеуінде деп ойлаймыз.

Ой бағып үйренген жанбыз. Бір ой бір ойды түрткілеп оятады. Қарап тұрсақ - ақыл айтқыш көбейіп, ақыл сұраушы мүлдем азайып барады. Сәулелі ойды өткізу үшін амал жоқ, араға... өйтсек... бүйтсек... ойлассақ... деп қыстырма сөз қосамыз, төтені - айналма жол етеміз. «Осылай етсек аспаннан шұға жауады, жұмақ орнайды, шаруа ыңғайы дөңгеленіп біте қалады...» деуші ағайын небір марғасқа білгішті сүттей ұйытып бас шұлғытып, арбап алатын болды. Бұрындары жүктелген шаруаның түбіне жетпей тыншымайтын іскер кісі - шебер болатын; бұл күндері әр гүлге бір қонып шырын қуған арадай, әуелі табыс іздеген, соңынан шаруаның пайда көзін қарастырған ұшып-қонбалар көбейді. Өмірде сүйіп істеген кәсіптің үдесі болады. Үдеге өнерпаз, орысша айтсақ - мас­­тер ғана қол жеткізеді. Жүктелген шаруаны өнер деп қабылдап, өнер дәргейінде орындап шығатын кісі ғана қоғамның қажетті тетігі. Кәсібін өнер деп қарайтын кісі қымбат. Әр істің тетігі қиял-ғажайып ер­тегіден гөрі пайымға табан тірейтіні содан.

Осы жерде ескермей жүрген жайт көлденеңдейді. Қоғам дамуын жарға сүйеген алып сатыға теңеп көзге елестетсек, қазақ этносы сол сатының жуан ортасынан жоғарылады. Әлгі айтқан этностық сатыдан биіктеп, мемлекет ұйытқысы - зайырлы ұлт дәрежесіне көтерілген кезіміз. Ұлт пен этнос аралығында алты айшылық алыс жол жатыр. Осынау екі парадигманы бір-бірімен шатастырмай, шалыс баспай, орнымен қолданған ләзім деп ойлаймыз.

Қазақ ұлты - мемлекет ұйытқысы; қазақ ұлтын - Еуразияның жылы ағысы - гольфстримі дәргейінде таныдық.

Өзге ұлттық құрамды, этносты, кейін келіп қоныстанушыны - мемлекет ұйыт­­қысының құрамдас бөлшегі санаймыз. Мұнда тұрған ешқандай кемсітушілік, ұлт­шылдық жоқ. Түсінісудің төте жолы баяғы. Төте жолды тапқан екенбіз, ұлт­аралық татулыққа қол артқан екенбіз, көш­басшының уәлі сөзіне құлақ асып, хакім Абай айтқан: қайтсе жеңіл болады жұрт билемек дегендей, ендігі сапарымыздың оң, нәтижелі,тәртіпті болғанын қалайтын кез алда. Жаңаша тарихтың үлкен тарауы көрші отырған үзеңгілес, бауырлас жұртқа арналғаны жөн болар.

Мұхиттың арғы қапталында жатқан «АҚШ-тың жаңа дәуір тарихын» мұқият қарап шықтық, әрине, орысша аудармасын. Әуелгіде заң актілерінің жинағын оқы­ғандай әсер қалдырды. Әйтсе-дағы әрбір заң актісінің астарында қоғамдық даму­дың әрқилы сатылары, сатыға аяқ сал­ған кезең, сол кезең несімен ерекше, несі­мен қымбат - айнаға түскендей көрінеді екен. Қорытынды, дәйектік мысал мол. Әрі тартып, бері жыққан шолақ пайым, оқшау ұлтшылдық жоқ. Биік елдің билік жүйесі бірсыдырғы сабырлы тектілікпен баяндалған. Өркениетті елдердің жаңа тарихын, жүйелік үлгісін қаз-қалпында үлгі тұтайық, немесе көшіріп алайық деуден аулақпыз. Әйтсе де қанаттас, қоныстас, сапарлас келе жатқан елдің тыныс-тіршілігіне бір пәс мойын бұрып, көз салып өткеннің залалы жоқ.

Қазақстанның жаңаша тарихын, оның бағыты мен бірігушілік миссиясын тек қана кәсіби тарихшылар жазады деген дүдәмал жайт. Неге дейсіз ғой. Жауап берейік. Әрине кәсіби тарихшылардың жолы бөлек, олар өз тақырыбын түбіне жеткенше тексеріп, үңіле зерттеген мамандар. Өз саласы бойынша қамшы салдырмайтын білгір. Әйтсе-дағы өз саласын індете зерттеймін деп жүріп тарихшы ағайынның қатар жатқан қанаттас тақырыпты атүсті шолып шығатыны, бетінен қалқып білетіні құпия емес.

Әркім, тарихшы болсын, жазушы болсын-қаламына іліккен тақырыптың білгір тамыршысы. Жаза салайыншы, тізімде жүрейінші деген науқаншылдық заманы әлдеқашан өткен. Кім де болса жанын жеп, уақытын өлтіріп, өмірін қысқартып, зерттеп жазады.

Салыстырмалы түрде көзге елестетіп көрелік. Тарихи тақырыпты көркем шығарма­сына арқау еткен бір шоғыр жазушылар - алған тақырыбына сай тарихи мәтінді езіп ішкен, көзімізге сол кезеңдегі тарихи деректің себеп-салдарын тарихшы ағайыннан артық білмесе, кем білмейтін кісілер болып көрінеді. Мысалға, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың хандық құрған кезеңін, құқығын, мүддесін, тіпті, күн­делікті сарайлық тәртібін Әбіш Кекіл­баев бес саусағындай біледі. Үйсін пат­ша­лығының дәуірлеуі мен күйреуін Қы­тай деректерінен сүзіп алып зерттеген Қой­шығара Салғараұлы шаппайбер бәйге­нің алдында. Алтын Орда, Ноғай­лы дәуірін Әнес Сараев терең, зерделі пайымдай алады. Моғолстан тарихы, Орбұлақ шайқасы туралы Бексұлтан Нұр­жекеұлы қай-қай кәсіби тарихшыдан артық білетіндігіне кәміл сенеміз. Орта ғасырдағы Сырдария бойындағы Отырар қаласынан бастап - Жент, Сығанақ тарихын осы жолдардың авторы қай-қай кәсіби тарихшыдан кем білмейтіні бесенеден белгілі. Қорытынды сөз: кәсіби та­рихшы мен тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген көркемсөз иелерін бір-біріне қарсы қою... бас алмай источник - дәйектеме қуу­шылық... дүрбіні теріс қойып қараған секіл­ді тарихшы ағайынның таяу тұрған, бел­гілі жайтты - кісі аяғы баспас тым жы­рақ етіп жіберушілігіндей болып көрінеді.

Топономиканы ескермеушілік, көркем­­сөз құдіретін бағаламау, кәсіби мен­­­мен­дік... бұл жайтты өзім ғана терең біле­мін деген кеудемсоқ мінезден тезірек арыл­­­ғанымыз жөн. Сонда ғана өзімізді-өзіміз сақ­тап қала аламыз. Сонда ғана Қазақ­стан­ның толыққанды бүгінгі жаңа тарихы жоғары деңгейде жазылады. Сонда ғана жаңа әлемдік тәртіпке мойынсұнады екенбіз!

Соңғы жаңалықтар