Жанат Ешмағамбетов Өскемен түрмесінен тараған сурет туралы: Табылған телефон Серік Күдебаевтікі емес

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов Өскемен түрмесінен әлеуметтік желіге тараған сурет туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанат Ешмағамбетов Өскемен түрмесінен тараған сурет туралы: Табылған телефон Серік Күдебаевтікі емес

«Өскемендегі бұрынғы құқық қорғау қызметкерлеріне арналған қауіпсіздігі орта деңгейдегі №22 мекемедегі жағдайға келсек, бейнежазбаны көрдік және қызметтік тергеу жүргіздік. Ішкі тәртіп ережелері бойынша, барлық сотталушылардың өзі орналасқан мекеменің қауіпсіздік деңгейіне қарай қысқа мерзімге немесе ұзақ мерзімге туыстарымен кездесуге құқығы бар. Осы кездесулер кезінде туыстарынан сәлемдемелер қабылдай алады. Оның ішінде азық-түлік те бар. Бұл жағдайда сотталушылар туыстарымен кездесуде азық-түлік алған. Суретте үстелдің үстінде не тұрғанын көрдіңіздеп ойлаймын. Сағат 8.00-ден кейінгі бос уақыттарында жиналып, тамақ ішкен», - деді Жанат Ешмағамбетов.

Сондай-ақ, ол дастархан басындағыларды суретке кім түсіргені анықталғанын айтты.

«Біз анықтаған заң бұзу әрекеті - ұялы телефонның болуы және бейнекамералардың оьбективін жауып тастау. Мекемеде мұндайға қатаң тыйым салынған.

Кімнің суретке түсіргенін анықтадық. Бұл сотталушылардың бірі болып шықты. Телефонды тауып, тәркіледік. Телефон ұстаған адам жазалау мекемесінің режимін қасақана бұзушы ретінде тәртіптік изоляторға қамалды. Тыйым салынған құралдың қалай кіргізілгенін тексеріп жатырмыз», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, сурет түсіруге қолданылған телефон Серік Күдебаевтікі емес.

«Біз тексеру жүргіздік. Акоголь ішімдігі болмаған. Үстел үстінде, олар тұтынған тамақтың ішінде тыйым салынған заттар болмаған», - деді Жанат Ешмағамбетов.

Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Серік Күдебаевтың Өскемен түрмесіндегі суреті желіге тарап кетуіне байланысты қызметтік тексеру басталғанын жазған едік.